Павлодарда ҚР Құрметті журналисі Мұхит Омаровтың 70 жылдық мерейтойы аталып өтті
Облыс орталығындағы Достық үйінде ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Құрметті журналисі, экономика ғылымының кандидаты Мұхит Омаровтың 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Салтанатты кештің басында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дархан Қаржаубай облыс әкімі Болат Бақауовтың құттықтау хатын оқып, мерейтой иесіне табыс етті. Оған қоса, ізгі тілегін білдірген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Мейірманов Мұхит Омаровтың иығына шапан жапты.
Жиында белгілі журналистің өмір жолы туралы бейне жазба көрсетіліп, атқарған қызметтері мен өңірге, қоғамдық өмірге қосқан үлестері жайлы сыр шертілді. Ресейдің Новосібір облысы журналистер одағының төрағасы, Қазақстанның Құрметті журналисі Андрей Челканов пен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембаев мерейтой иесіне бейнежазба арқылы жылы лебіздерін білдірді. Сонымен бірге, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі Қайрат Лама Шарифтың құттықтау хаты оқылды.
— 70-ке қалай келіп қалғанымды да байқамай қалдым, — дейді Мұхит Омаров. – Уақыт зымырап өтуде. Күнделікті мақсат қойып, іспен шұғылданып жүрген адам уақыттың қалай өткенін байқамай қалады екен. Өзімді 70-ке келдім деп сезінбеймін. Оның бәрі Алланың берген қуатының, отбасымның көрсеткен қолдауының арқасында. Осы 70 жылда біраз жұмыстар атқарылды. Оның бәрі өзімнің қолымнан жасалған деп айта алмаймын. Оның бәрі ағалардың, сол ортаның, бізге үлгі болған, осындай істерге мені құлшындырған адамдардың көмегімен атқарылды. Қазір жетпіске келгенімді сезінбеуіме жастардың екпіні мен жалынының құлшындыра түсуі себеп шығар.
Шараға зиялы қауым, Ақтоғай ауданының, облыс әкімдігінің өкілдері, мерейтой иесінің әріптестері, журналистер, облыстағы ЖОО өкілдері қатысты.
Мұхит Омаров 1948 жылы 19 қазанда Павлодар облысының Краснокутскі (қазіргі Ақтоғай) селосында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік университетін, Павлодар индустриалды институтын, Ресей мемлекеттік қызмет академиясын оқып тәмамдады. Экономика ғылымдарының кандидаты. Профессор. «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Қазақстан мәдениет қайраткері», «Қазақстанның құрметті журналисі. «Облыс алдындағы еңбегі үшін» белгісімен марапатталған. Павлодар облысы Ақтоғай ауданының құрметті азаматы. Облыстық бас редакторлар клубының төрағасы.
Еңбек жолын аудандық газеттің тілшісінен бастады. 1989 жылы облыстық мәдениет басқармасы басшысы болып тағайындалды. Сол жылдары М.Омаровтың тікелей басшылығымен Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры, Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі, Естай атындағы ұлттық аспаптар оркестрі ұйымдастырылды, республикада тұңғыш рет әнші-актерлер байқауы, Майра атындағы республикалық конкурстар өтті. 1993 жылы Павлодар қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне ауысып, одан кейін облыстық экономика басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 1995 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті экономика және менеджмент кафедрасының меңгерушісі болды.
Қоғам қайраткері, журналист, экономист-ғалым ретінде 1999 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қабылдауында болды. Қазақстан Республикасы медальдерімен және Құрмет грамотасымен марапатталған. 1998 жылы облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне бас редактор болып сайланып, 2011 жылдың қазан айына дейін зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті. Елуден астам ғылыми басылымдары, монографиялары бар.
Әлихан Рахметоллаұлы