Павлодарда қызмет жолында қаза тапқан әскерилерге тақта қойылды

Павлодарда КСРО шекара қызметінің 100 жылдығы аталып өтті. Қызметін орындау барысында қайтыс болған батырлардың құрметіне Жеңіс саябағында мемориал орнатылды. Алматы облысы Қордай ауданынан әкелінген салмағы 2 тоннаны құрайтын, биіктігі 3 метрге дейін жететін тас – шекара әскері ерліктерінің белгісі. Таста «Мемлекеттік шекара қасиетті де қастерлі. Барлық заман шекарашыларына арналады» деп қашалып жазылған.

Мемориалдың ашылу салтанатына 300-ден астам адам жиналды, олардың ішінде қайтыс болған шекара сақшыларының достары мен туысқандары, жастар ұйымдарының ардагерлері мен көшбасшылары болды. Шекара қызметінің запастағы подполковнигі Юрий Чидунчидің айтуынша, ескерткішті орнату идеясы кеңес уақытында Таяу Шығыста әскерде қызмет еткен павлодарлықтарға тиесілі. Көктемде бастамашыл топ құрылып, ақша жинау басталды.

         – 28 мамырда, яғни бұрынғы дәстүр бойынша КСРО шекарашылары мерекесі тойланатын күні саябақта шекара әскерлеріне арнап мемориалдың орнатылуы жоспарланған еді. Барлығы бұл идеяны бірден қолдады, сол үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Енді Павлодарда кездесіп, біздің қайтыс болған жолдастарымызды еске алып, олардың құрметіне гүл шоқтарын апарып қоятын орынның пайда болғаны – біз үшін қуантарлық жағдай, – деді Юрий Чидунчи.

Оның айтуынша, тақтаның тасы Қордайдан әкелінген. Себебі ол өте мықты, жаңбыр, қар және күннің әсерінен бұзылмайды. Ескерткішті Алматыа облысынан жеткізіп, өңдеп, орнатуға 1 млн. теңге кетті.

         – Осы уақытқа дейін Павлодарда шекара әскерлеріне арналған ескерткіш болмаған, – деді тыл еңбеккері, еңбек ардагері Құдайберген Пішембаев. – Олардың жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет етеді, олар таяу шекаралардағы тыныштықты сақтап, мемлекеттік шекараны күзетеді. Жан-жаққа қараңыздаршы, бұл жерде қаншама адам, қаншама жас, шекарасын қорғап, әскерлеріміздің дәстүрлерін жалғастыратын қаншама болашақ солдат жиналды. Шекарашылар әрдайым қарулы күштер қатарындағы ең жоғары құрметке ие  әскер тобы болды.  Бұл әскер қатарына ең төзімді, дайындығы күшті жастарды алатын. Сол себепті мен жастардың ата-бабаларының дәстүрлерін сақтағанын тілеймін. Сонымен қатар шекара әскері күнінің құрметіне Павлодарда автомотожарыс ұйымдастырылды. Оған 30-дан астам автомобиль және мотоцикл қатысты.


Tileuberdi Saxaba