Павлодарда «Рухани жаңғыру» аясында Естайдың ескерткіші тұрғызылады

Ескерткіш ұлы жерлесімізбен аттас қалалық мəдениет сарайында салынады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Аталған мəселе облыс əкімінің орынбасары Асхат Ораловтың қатысуымен өткен «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы жөніндегі сараптау кеңесінің кезекті отырысында сөз болды.  Жиын кезінде өңіріміздегі қала мен аудан өкілдері өз жобаларымен таныстырды. Облыс əкімінің орынбасары бұл мəселеде санның емес, сапаның маңызды екендігін ескертті.
— Соңғы екі жылда біраз жобалар іске асырылды, — дейді Асхат Оралов. — Бірақ, бізге жобалардың саны емес, сапасы керек. Өңірімізді үлгі ететін нақты жобалар күтеміз. Бізде өзге облыстарға үлгі болу үшін барлық жағдай бар.

Павлодар əкімінің орынбасары Саян Мұқанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл қаламызда жүзеге асырылатын жобаларды санамалап өтті. Айталық, осы жылы Естай Беркімбаев ескерткіші мен музейі ашылмақ. Ескерткіш Естай атындағы мəдениет сарайының маңында бой көтерсе, музей болса, сарай ішінде ашылады. Жоба құны 35 миллион теңге. Оны жүзеге асыру демеушілер тарапынан қаржыландырылмақ.
Тағы бір ескерткіш Екібастұзда бой көтермек. Қазақтың ұлы қолбасшысы Бауыржан Момышұлына арналған монумент Екібастұздың орталық көшелерінің бірінде жылдың соңына дейін салынады.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зинаида Мұхаметжанованың айтуынша, бұл үшін Строительная көшесі əскербасының атына ауыстырылды.  Кеншілер қаласында жүзеге асырылатын тағы бір тың жоба — Сəбилер аллеясы. Оған сəйкес, Екібастұзда туған əрбір нəрестенің құрметіне ата-анасы белгіленген жерге бір түп ағаш отырғызады.
Май ауданы болса, «Рухани жаңғыру» аясында «Алма бағы» жобасын ұсынды. Ол бойынша аудан орталығында тамшылап суару тəсілімен алма ағашын егіп, өнім алып, жастарды еңбекке баулу көзделеді.

Айбек Жұматов

Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі