Павлодарда Шәкәрім орталығы ашылды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Павлодар қаласындағы №25 орта мектепте биыл туғанына 160 жыл толуына орай Шәкәрім Құдайбердіұлының орталығы ашылды.
Айта кетелік, өткен жылдың ақпан айында философия ғылымдарының докторы, профессор жерлесіміз Ғарифолла Есім және облыстың бір топ зиялы қауымы аталған мектепте қазақ әдебиетінің классигі, ойшыл, гуманист Шәкәрім Құдайбердіұлы-ның орталығын ашу қажеттігі туралы облыс әкімі Болат Бақауовқа өтініш білдіріп, хат жолдаған болатын. Дес бергенде бұл өтініш аймақ басшысынан бірден қолдау тапты, қаражат бөлініп, білім ордасының бірінші қабатындағы кең әрі жарық бөлме жабдықталып, Шәкәрім атаның өмірі, шығармашылығы, ұрпақтары, шәкәрімтанушылар жайлы мәліметтер мен фотосуреттер жинақталды, ақын туған өңірдің картасы жасалды, портреті салынды.
Орталықтың ашылуына облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов, облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Сәуле Османова, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Арман Қани, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Суретшілер Академиясының академигі Өсербай Шоранов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сүлеймен Баязитов, облыстың Құрметті азаматы Қабидолла Шәкәрімов, облыстық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрағасы Рәшит Бектеміров, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнуллина, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова, Шәкәрім қажының ұрпақтары Мақсат Жаппарханов пен Құралай Уақбаева, ақын Балтабай Сыздықов, ардагер ұстаз Әстерхан Шойынбаева, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Айта кетелік, Усолка шағын ауданының аумағында орналасқан №25 қазақ орта мектебінің пайдалануға берілгеніне 10 жылдың жүзі болды. Көпшіліктің қалауымен ашылған 800 орындық білім ордасында бүгінгі таңда 135 мұғалім, 1875 оқушы білім алуда. Жылдан-жылға керегесі кеңейіп келе жатқан мектептің табысы да мақтан етерліктей. Білім ордасы соңғы 5 жыл ішінде облыс көлемінде Ұлттық бір-ыңғай тестілеуден көшбастауда, сондай-ақ, жал-пы рейтинг бойынша да 5 жыл қатарынан «Үздік мектеп» атауын иеленіп келеді.
Салтанатты мектептің домбырашылар ансамблі күмбірлеген күймен ашты. Әсел Арынғазина басшылық етіп отырған мек-теп ұжымы орталықты әзірлеумен қатар,оқушыларға ақынның өмірі мен шығармашылығын да кеңінен насихаттап, үйреткен екен, салтанат барысында оқушылар, атап айтқанда — Шолпан Ахметжанова ақынның әйгілі «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әнін шырқаса, Шәкәрім атаның ұрпағы Арлан Хамит және Аида Тұрғымбаева, Жансая Қазыбекова, Айым Саримова, Данара Ғарифолла, т.б. Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтты. 9-сынып оқушылары Рахат Қуандық пен Дамира Түсіпбекова ақынның «Қалқаман-Мамыр» дастанынан үзінді көрсетті.
— Шәкәрім Құдайбердіұлының соңына қалдырған мұралары ұшан-теңіз. Ол –ақын, композитор, философ, қазақ халқының ірі ойшылы. Сондықтан білім ордасында осындай тарихи тұлға атындағы орталықтың ашылуы — үлкен қуаныш. Енді ғұламаның шығармашылығын жаңғыртып, мұраларын жас ұрпақтың танып-білуіне зор мүмкіндік жасалды. Осы мектепке Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін беру керек, — деді облыс ішкі саясат басқар-масының басшысы Ернұр Дәуенов.
Өз тілшімізден.