Павлодарда сотталғандардың туындылары көрмеге қойылды
Павлодарда алғаш рет терроризм және экстремизм бабы бойынша сотталған азаматтардың қылқалам туындылары жарыққа шығарылды. Облыстық көркемсурет музейінде «Наурыз өрнектері» тақырыбында ашылған көрмеге жазасын өтеушілердің 30-ға жуық туындысы қойылды.
Темір тордың ар жағындағы көркемөнерпаздардың жұмысы қойылған көрмені облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев тамашалап, оларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Яғни, қағаз, қарындаш, бояу секілді қажетті құрал-жабдықтар алып беріп, үздік жұмыстарды топтастырып альманах шығаруға болатынын атап өтті.
Облыстық «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықованың сөзінше, Павлодардағы түзету мекемелерде дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегіне еріп, әртүрлі радикалдық мақсаттағы әрекеттерге қатысқан 80-нен астам азамат жазасын өтеуде. Ал, көрмеге қойылған суреттердің басым бөлігі еліміздің Тәуелсіздік күні, Жеңіс күні, Конституция күні және Наурыз мерекелеріне орай салынған. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық ойындары – теңге ілу, қыз қуу, қол күрестіру сынды ұлттық ойындар мен аңшылық дәстүрді шебер суреттеген.
— Көрмеге темір тордың ар жағында отырған азаматтардың бес жылдан бері салған суреттері қойылды. Әсіресе, еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінен келген азаматтар көркемсурет өнеріне жақын келетіні байқалады. Қатысушылардың ең кішісі 18 жаста. Ол 2016 жылы Ақтөбеде орын алған жарылысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталып, темір торға қамалды. Жалпы, олардың салған суреттеріне қарап, сана-сезімдерінің өзгергенін, радикалдық пиғылдан арылғанын байқауға болады. Яғни, қылқалам жұмыстарына ақ түсті көп пайдаланған. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық құндылығын және салт-дәстүрін көп бейнелеген, — дейді Гүлназ Мақсұтқызы.
Көрмеге қала балабақшалары арасында өткен «Наурыз өрнектері» балалар фестиваліне қатысушылардың еңбектері де қойылды.
Тілеуберді Сахаба, Павлодар облысы.