Павлодарда сүмбіл теректер отырғызу басталды

Павлодар қаласының сыртында орналасқан 16-шы автожолдың бойындағы жасыл белдеуде ағаш отырғызу басталды.

Аймақты көгалдандыруға бағытталған шараға қала әкімі Нұржан Әшімбетов қатысып, жасыл желектерді отырғызуға атсалысты. Оның айтуынша, Павлодарда бес мыңға жуық сүмбіл терек отырғызылатын жасыл белдеу пайда болмақ

— Экологтармен ақылдаса отырып, осындай ағаш түрі таңдалды, — дейді қала басшысы. – Өңірдің климатын ескере келе, сүмбіл теректерді отырғызуға бел будық.  Бұл — теректердің ішіндегі ең әдемі түрі. Қазір олардың биіктігі 2-2,5 метр. Бұдан басқа, Шығыс Қазақстаннан және «Горзеленстрой» ЖШС-нен бір түбі 1-2 мың теңгені құрайтын теректер әкелінеді.

Шаһар басшысының айтуынша, күзде «Кастинг» зауытынан Качир тас жолына дейін де ағаштар отырғызылады. Павлодар қаласында орналасқан өнеркәсіптердің атсалысумен 640 түп сүмбіл теректері егіледі. Оның ішінде бес жүзін «Қазақстан Алюминий» АҚ-ның 70-ке жуық жұмыскері отырғызды.

Өз тілшіміз