Павлодарда «Тілдарын» облыстық олимпиадасы өтті
Облыс орталығында өткен «Тілдарын» олимпиадасының мақсаты — Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген дарынды жастарға қолдау көрсету, қазақстандық патриотизмді нығайту, тілдік мәдениетті тәрбиелеу, өзге халықтардың тілі мен мәдениетін құрметтеуді қалыптастыру болып табылады. Іс-шараны өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырып, өткізді.
Олимпиадаға облыстың аудандары мен қалаларына келген 18-22 жас аралығындағы білімді де таланты жастары қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша олимпиада төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар үш тілде берілген тапсырмалардың мазмұнын ашып, эссе жазып, сондай-ақ ілеспе аударма жасай отырып, өз білімдерін ортаға салды.
Жоғары оқу орындарынан арнайы шақырылған ғалымдардан құрылған әділқазылар алқасы үміткерлердің білімдерін бағалау барысында тілді меңгеру деңгейіне, жазу сауаттылығы мен мазмұндылығына, жауаптың орамдылығына және толықтығына назар аударды.
Әділқазылар алқасымен үш тілді жетік меңгерген жеңімпаздар анықталып, олимпиада нәтижесі бойынша Железин ауданының өкілі Жүнісова Әлия Бас жүлдеге ие болды. І-орынға өз білімін жоғары дәрежеде көрсеткен Шарбақты ауданының қатысушысы Қазбек Аяулым лайықты деп танылса, ІІ орынды Павлодар қаласынан Қанатова Адия, ал ІІІ орынды Тереңкөл ауданының қатысушысы Әміренова Үміт иеленді.
Барлық қатысушылар басқарманың арнайы алғыс хаттарымен, ал жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Әлихан Рахметоллаұлы