Павлодарда ТМД елдерінің ауған соғысы ардагерлері кеңестерінің төрағалары бас қосты
Ауған жерінен кеңес әскерінің шығарылғанына 30 толуына орай облыстық «Қоғамдық келісім» сарайында халықаралық конференция өтті. Оған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қатысып, ардагерлерді айтулы датамен құттықтады.
— Ең алдымен қасиетті Ертіс өңірінде ауған соғысына қатысқан біздің жерлестерімізді еске алуға үлес қосқандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын, — деді Болат Бақауов. – Бүгін ауған жерінде қаза тапқан 36 жерлес жауынгерімізге арналған аллеяны аштық. Сол соғыста жауынгерлер адам баласының басынан өткеруі мүмкін барлық қиындықты көрді. Ауыр сынақтан өтті. Ауған жеріндегі соғысқа облысымыздан 1098 адам шақырылды. Олар абыроймен өзінің борыштарын атқара білді.
Қазақстандағы және ТМД елдеріндегі Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің жетекшілері бас қосқан шарада ардагерлердің мәселелері және олардың жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстары талқыланды. Ауған соғысы ардагерлерінің халықаралық «Жауынгерлік бауырластық» одағының атқарушы хатшысы, ресейлік Геннадий Шорохов аталмыш соғысқа Кеңес Одағынан барған 14 450 сарбаз еліне оралмағанын атап өтті.
— Сөзімді бастамас бұрын Қазақстан Республикасының президентіне Ауған соғысы ардагерлеріне көрсетіп жатқан қамқорлығы үшін алғысымды айтамын, — деді Геннадий Шорохов. –Құрметті ардагерлер, көбіміз қазір 60-70 жас шамасындамыз.. Ауған соғысындағы біздің қимылдарымыз жөнінде тарихшылар көп жұмыс жасады. Соңғы жылдары 108 мың зерттеу жұмысы, 15 мың кітап жазылды. Интернет құралдарына 4 мыңнан астам мақала шықты.
Халықаралық конференция барысында облыс әкімі «Жауынгерлік бауырластық» ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігінің өмірінде белсенділік танытқаны және бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға қосқан үлестері үшін аталмыш халықаралық одақтың төрағасы Борис Громовты және Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстанның, сондай-ақ еліміздегі облыстардың Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағаларын алғыс хаттар және естелік заттармен марапаттады.
Әлихан Рахметоллаұлы