Павлодарда тоғыз адама «Павлодар қаласының Құрметті азаматы» атағын алды
Павлодарлықтар қала күнін Ертіс өзені жағалауындағы Ertis Promenade сахнасында дүркіретіп атап өтті. Шараға Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов қатысып, павлодарлықтарды қала күнімен құттықтап, шаһарымыздың гүлденуіне үлес қосқан тұрғындарға «Құрметті азамат» атағын берді.
– Қаламыз инвесторлардың арқасында қарқынды дамып келеді. Олар біздің Павлодарымыздың гүлденуі мен абаттандырылуына жұмсалатын қаражат әкеледі, – деді Нұржан Әшімбетов. – Әрбір павлодарлық қаламыздың көркеюіне үлес қоса алады, осы жолда еңбек етіп жүрген барлығыңызға алғыс білдіремін! Қаламызды одан әрі гүлдендіреміз!
Осы күні Ertis Promenade сахнасында «Павлодардың Құрметті азаматы» атағы Ертіс өңірінің тоғыз тұрғыны мен ақсақалына Павлодар қалалық мәслихатының кезекті 37-сессиясының шешіміне сәйкес берілді. «Құрметті азамат» атағын алған адамдардың қатарында Қайырбек Базарбеков, Виктор Поликарпов, Айтқазин Телман, Генадий Могилевцев, Мақсат Алинов сынды өңіріміздің өркендеп дамуына үлес қосқан азаматтар бар. Сонымен қатар, «Құрметті азамат» атағын 2003-2009 жылдары қаламызға басшылық еткен Бәкір Демеуов те алды. Пәтер сертификаты учаскелік инспектор Арман Рахметовке бұйырды. Павлодарлық бизнесмендер «Жайлы Павлодар» мен «Жаңа өндіріс» номинациялары бойынша бағалы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.
Қала басшысы осы күні екіжақты қарым-қатынастың дамуына үлес қосқан Омбы мен Новосібір мэрларын марапаттады. Сондай-ақ, қаланың дамуына үлес қосқаны үшін бірқатар азаматқа Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар таратты. Ertis Promenade сахнасында Павлодар мен Омбының шығармашылық ұжымдары қатысқан ауқымды театрланған қойылым көрсетілді.
Тілеуберді САХАБА, Павлодар