Павлодарда Ұлттық инженерлік академияның отырысы өтті

Павлодарда ҚР Ұлттық инженерлік акаедмиясы Президиумінің кеңейтілген көшпелі отырысы өтті. ҰИА өкілдері, инженерлер мен өндірісшілер аймақ басшысының қатысуымен өңірдегі алюминий және мұнай-химия кластерін дамыту мәселелерін талқылады.

Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі Болат Бақауов республика бойынша өндірілетін өңделмеген алюминий мен алюминий оксидінің 100 пайызы өңірімізде шығарылатынын айтып, мұндай форум өткізу қажеттілікке айналғанын жеткізді.

— Алюминийді тұтыну көлемінің артуы оны терең өңдеуді талап етеді, ал, біз әзірше шикізат ретінде ғана нарыққа шығарып отырмыз, — деді ол. – Қазақстандық алюминийдің 80%-ы экспортқа шығарылады. Ал, біз өзімізге қажетті алюминий бұйымдарды жоғары бағамен стаып аламыз. Қазіргі таңда елімізге алюминийден жасалған 200 мың тонна бұйым жеткізіледі. Біз өңірдегі алюминий кластерін дамыту арқылы импорттық тауарлардың орнына өзімізде жасалған өнімді тұтынуымыз қажет. Кластерді құру үшін бізде қажеттінің бәрі бар. Өзіміздің шикізат, дамыған энергия жүйесі бізге энергиялық жағынан тиімді кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді. Елбасы алюминий кластерін құру туралы тапсырма беріп, ол бастама Үкімет пен орталық мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тапты.

Ұлттық инженерлік академияның басшысы Бақытжан Жұмағұлов мемлекеттік бағдарламалар бойынша металлургия саласын дамыту үшін Павлодар облысында барлық жағдай бар екенін атап өтті. Біріншіден, өңірде 800-ден астам кәсіпорын шоғырланған, олардың ішінде, Қазақстан электролиз зауыты, «Қазақстан алюминийі» АҚ, Ақсу ферроқорытпалар зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты және тағы басқалары бар. Екіншіден, Павлодарда алюмииний кластерінің кәсіпорындары жұмыс істейтін арнайы экономикалық аймақ бар. Сондықтан, осы саладағы технологияларды меңгерген қазақстандық ғалымдар тәжірибелі мамандармен бірлесе отырып, өзара тиімді әріптестікке қол жеткізе алады.

Отырысқа еліміздің ірі ғалымдары мен жетекші инженерлері қатысты. Олардың қатарында Асқар Құлыбаев, Темірхан Досмұхаммедов, Рахман Алшанов, Нәдір Нәдіров, Марат Бітімбаев және басқалар болды. Отырыста сөз сөйлеген ғалымдар қазіргі кезде қайта өңдеу өнеркәсібі саласында инженерлік кадрлардың жетіспеушілігін, зауыттарда заманауи технологиялардың орнатылмауын және ғылым мен өндірістің арасындағы тиімді байланыстың жоқтығын тілге тиек етті. Бұдан басқа да күрделі мәселелер көтерілді.

Кездесу соңында аймақ басшысы мен ҰИА президенті әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Сонымен бірге, Бақытжан Жұмағұлов Болат Бақауовқа «Инженерлік даңқ» медалін тапсырды. Ұлттық инженерлік академияның бірқатар наградалары Ертіс өңірінің танымал инженерлеріне де бұйырды.