Павлодарда «Ұлы Дала» этнофестивалі аяқталды
Павлодар облысында үш күнге жалғасқан «Ұлы Дала» этнофестивалі аяқталды. Ертіс жағалауына 100-дей киіз үй құрылып, осында жиналған жұртқа қазақ ұлтының ұлттық құндылықтары, өнері, мәдениеті, салт-дәстүрі көрсетіліп, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жиналған жұрттың үстінен парашютпен шашу шашылды.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жиналған жұртшылықты дәстүрге айналған «Ұлы дала» фестивалінің өтуімен құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде «Ұлы дала» фестивалі халық асыға күтетін шараға айналғанын атап өтті.
— Киелі Ертіс-Баян жерінде мұндай ірі шара осымен үшінші жыл ауқымды түрде өтіп жатыр, — деді Болат Бақауов. — «Ұлы дала» фестивалі халық асыға күтетін шараға айналды. Бүгінгі думанға жиналған бұқара халық соның куәсі. Мұндағы басты мақсат ұлттық санамызды жаңғыртып, салтымызды сақтау және дәстүрімізді дәріптеуге бағытталған. Дана халқымыз «Өткенді ұлықтау — тарихты ұмытпау» деп бекер айтпаса керек. Бүгінгі таңда бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, «Рухани жаңғыру» арқылы жоғымызды түгендеу — баршамыз үшін зор міндет. Осыдан үш жыл бұрын Елбасымыз Қазақстанның символдық атауын бүкіл елге паш ету жөнінде айтқан. Ұлы дала идеясы халқымызды әлемге кеңінен таныту мақсатында белсенді жүргізілуде. Үш күн бойы жалғасатын Ұлы дала дүбірі баршаңызға құтты болсын!
Шара барысында қазақ ұлттық спортының 12 түрінен түрлі жарыстар ұйымдастырылып, мықтылар сынға түсті. Алаңға жиналған жұрт аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, қазақ күресі,тоғызқұмалақ, қол күресу, арқан тартысу сынды спорттарды тамашалады.
Ұлы тойға алыс-жақын шетелдерден көптеген спортшылар мен өнерпаздар келіп өнер көрсетті. Солардың бірі – Қырғызстанның Ош қаласынан келген Абдуали Шерматовтың отбасы. «Ұлы Дала» тойына арнайы келген өзбек ағайындар ерекше спорттық қойылым ұсынды. Бұл — арқан үстімен жүру өнері болатын. Бір отбасының бес, он екі, он бес, он сегіз және жиырма сегіз жасар бес баласы 11 метр биіктікке керілген арқан үстімен жүріп, «даршылар», «қарлығаш», «трет» деп аталатын бағдарламаларды орындады. Отбасылық топтың атауы – «Лашын».
— Павлодарға бұған дейін де бірнеше мәрте келдік. Осыдан оншақты жыл бұрын келіп, Павлодар облысының аудандарын аралап, өнерімізді көрсеткен едік. Биыл бүкіл қазақ ағайындардың басын біріктірген «Ұлы Дала» тойына шақырту алдық. Қуаныштымыз. Жалпы, біздің отбасылық өнерімізге көп ел қызығушылықпен қарайды. Себебі, бұл өте сирек кездесетін спорт түрі. Сонымен қатар, қиындығы да бар. Балаларым арқан үстімен жүрген сайын жерге аман-есен түссе екен деп тілеп тұрамын. Негізі, бұған дейін тек ер балалар ғана айналысатын. Кейін командамызға қызымыз қосылды, — дейді спортшылар әулетінің отағасы Абдуали Шерматов.
«Ұлы Дала» этнофестивалінің спорттық алаңында қазақтың ұлттық спорттық ойындарынан көптеген жарыстар ұйымдастырылып, тойдың ең соңғы күні жарыстардың қорытындысы шығарылды. Ұлттық ат спорты – аударыспаққа ылғай білекті жігіттер іріктеліп шығып, ат үстінде күш сынасты. Тартысқа толы жарыстың қорытындысы бойынша 80 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша, Качир ауданына келген Мәдениет Букаев жеңімпаз атанса, 80-ге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша, ақтоғайлық Бауыржан Ахметов барлық қарсыластарынан басым түсті. Ал, қазақ күресіне қатысқан палуандар екі салмақ бойынша белдесті. Жарыстың бас төрешісі Еркін Камшатовтің сөзінше, боз кілемге 30-дан астам палуан шығып күш сынасқан. Қорытындысына келер болсақ, 80-ге дейінгі салмақта белдескен Ақтоғайдың үміткері Еламан Ерғантайдың жамбасын ешкім жерге тигізе алған жоқ. Сонымен қатар, ақсулық Асхат Өкенов екінші, павлодарлық Нағашыбай Бекболат үшінші орындарды еншіледі. Ал, түйе палуандардың арасында Майқайыңнан келген Мұхтар Дәлелхан боз кілемде қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, ақсулық Бақұстар Әмри, Шарбақтының Есілбайынан келген Темірғалы Құдайберген екінші және үшінші орындарды еншілеп қайтты.
Спорттық жарыстардың тағы бір түрі – тас көтеру. Нағыз алыптар мен күштілердің бәсекесі деп осыны айту керек. Салмағы 300 келі болатын үлкен тасты 15 адам қозғалта алмаған еді. Ең соңында өңірімізге белгілі палуан, «Қазақстан барысы» респубикалық турнирінде бірнеше мәрте белдескен Дархан Жоламанов орнынан көтеріп, жеңімпаз атанды
— Тас көтерудің өзінің әдісі болады. Маған дейін шыққан жігіттер сол әдісіне сала алмағанын байқап, өзім сол қателікті қайталамауға тырыстым. Негізі тасты барынша қапсыра құшақтап ұстап, одан кейін бар күшті аяққа салу керек екен, — деді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дархан Жоламанов.
Тілеуберді Сахаба