Павлодарда үш жылдың ішінде төрт мыңға жуық ашық жүрекке ота жасалды
АСТАНА. ҚазАқпарат — Үш жылдың ішінде облыстық кардиологиялық орталықта жүрек ақауы бар 3912 науқасқа ота жасалған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. Бұл туралы агенттіктің жолдаған ресми сауалына берген жауабында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымов мәлім етті.
«Биылғы жылы екі айдың ішінде барлығы 236 ота жасалған. Оның 102-сі қолқа қан тамырын шунттау болса, 54-і жүректегі қан жолы тетігіне қатысты. Сонымен қатар 541 коронографиялық тексеру жүргізілген. Бұдан басқа, орталықта қолқа қан жолы тетігінің транскатетірлік трансплантациясы, жүректің электр ширатқышы — күрделі аритмиялық құрылғылардың имплантацисы сынды инновациялық емдеу әдістері енгізілген», — деді Н.Қасымов.
Айта кетерлігі, жалпы кардиологиялық орталықта облыс бойынша 60711 адам диспансерлік есепте тұр. Оның ішінде Екібастұз қаласында 7812 және Ақсуда 4721 адам жүрек қан тамырлары ауруларымен аурады. Аудандар арасында Ертіс, Павлодар, Качир аудандары көш бастап тұр. Орталықтың алты маманы өткен жылы Қытай, Литва, Беларусь және Франция елдеріне оқуға барып келген.