Павлодарда Усолка өзеніне 25 000 тұқы балығы жіберілді
ERG компаниясының 25 жылдығы аясында Ертіс өзені алабындағы Усолка өзеніне Шығыс Қазақстан облысының Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығынан арнайы көлікпен әкелінген 25 000 тұқы балығының шабақтары жіберілді. Павлодар қаласы білім беру бөлімінің экология және туризм балалар-жасөспірімдер орталығы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-мен бірлесіп, «Тұқы популяциясын арттыру бойынша су айдынына балық жіберу» экологиялық акциясын өткізді.
Білім беру бөлімінің маманы Балжан Әділханованың айтуынша, бірлескен іс-шаралар балалардың құстарға, жануарларға деген қамқорлығы, сондай-ақ, табиғатты қорғауға, табиғат қорғау қызметінде танымдық дағдыларды дамытуға көмектеседі.
— Акция өзендегі балықтар санын көбейту мақсатында өткізілді, — дейді Балжан Әділханова. – Шараға экология және туризм орталығының тәрбиеленушілері мен зауыт жұмыскерлері қатысты. Орталық оқушылары -зауытпен бірлесе өткізетін «Құстарға қамқорлық» табиғатты қорғау іс-шараларының тұрақты қатысушылары.
Айта кетерлігі, зауыт қызметкерлері 2018 жылы өткен «Менің Отаным – Қазақстан» атты оқушылардың аймақтық ғылыми-практикалық конференциясын өткізуге ықпал етті. Оған қоса, «Жасыл әлем» қалалық еңбек жасағын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Ақпарат және суреттер «Pavlodarnews.kz» АА-ің сайтынан алынды