Павлодарда ұстаздардың дәстүрлі тамыз конференциясы өтіп жатыр

Естай атындағы мәдениет сарайында жылдағы дәстүрлі тамыз конференциясы өтіп жатыр. Білім беру саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен аймақ басшысы Болат Бақауов құттықтап, сәтілік пен табыс тіледі.

— Өткен оқу жылы қуанышқа толы болды, — деді Болат Бақауов. – «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» демекші, барлығымыз да ұстаздардың алдынан өттік. Бала тәрбиесі бесіктен басталады. Біздің басты мақсатымыз – кейінгі ұрпаққа игі дәстүрді дәріптеу. Бұл балаларды мемлекеттік тілде білім беретін балабақшаларға беруден басталады. Жастарға ана тілінде білім беру бойынша жұмысты жалғастыру керек. Мемлекеттік тіл – ұлттың рухани тірегі.

Облыс әкімі мектеп жасынан балаларды қазақ тілінде оқыту үшін барынша жағдай жасау туралы тапсырма бергенін еске салды.

— Барлық балабақшаларда қазақ тілінде білім беретін өлкетану курстары ашылды, — деді аймақ басшысы. – Ата-аналардың сұранысы бойынша өткен жылы қазақ тіліндегі білім беретін сыныптар №3 және №8 гимназияларда ашылған. Үш жыл ішінде барлық педагогтар қауымдастығының алдында ең үздік тәжірибелер мен технологияларды қолдану арқылы қазақ тілінде оқыту сапасын арттыруды тапсырамын. Өкінішке орай, бүгінде балалар қазақ тілінде сөйлей қоймайды. Сондықтан оқыту әдістемесін толығымен қайта қарастыру керек.

«BİLİM JÁNE ǴYLYM» тақырыбындағы тамыз кеңесіне 800-ге жуық адам қатысуда. Оның ішінде аудандық, қалалық білім беру бөлімдерінің басшылары, білім беру саласының ардагерлері, облыс басқармаларының басшылары, ЖОО ректорлары, білім беру мекемелерінің директорлары мен ұстаздары және жас мамандар бар.

Ақпарат «Pavlodarnews.kz» сайтынан алынды