Павлодарда үлкен теннис бөлімшесі ашылды
Облыс орталығында қалалық №6 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанынан ашылған үлкен теннис бөлімшесінің тұсауы кесілді. Айта кету керек, бұл спорт бөлімшесі аймақ басшысы Болат Бақауовтың тапсырмасымен ашылып отыр.
Қазіргі кезде әрқайсысында 6-15 жас аралығындағы он бала жаттығатын төрт топ құрылды. Жаттығулар мен спорттық құралдар тегін беріледі.
— Балаларды қыркүйектен жинай бастадық, — дейді №6 БЖСМ директоры Тілеукен Сейітов. – Өз ғимаратымыз жоқ болғандықтан «Энергетик» теннис кортын жалға алуға бюджеттен қаражат бөлінді. Жаттығуларды екі бапкер жүргізеді. Балаларды осы спорт түрімен айналысуға шақырамыз.
№6 БЖСМ жаттықтырушысы Мұрагер Армияның айтуынша, тенниспен айналысуға ниет білдірген балалар көп.
— Қазіргі кезде топта жұмыс істеу үшін балалар арасында іріктеу өткізудеміз. Алғашында дұрыс тұру, ракетканы ұстау мен допты сезінуді үйретіп жатырмыз. Жас жеткіншектер бірте-бірте үйреніп келеді. Балалардың тенниспен айналысамын деген зор ынтасы бар, — дейді Мұрагер Армия.
Жеті жасар Ернар Олжабай жаттығуға екінші рет қана келсе де, теннистен тәжірибесі бар екендігін танытты. — Тенниспен бұрын да айналысқанмын. Бірақ бұл жерде мен дұрыс тұруды, ракетканы дұрыс ұстауды үйрендім. Мұнда маған барлығы ұнайды, — дейді Ернар Олжабай.
БЖСМ өкілдерінің сөзіне сенсек, теннис ойнауды үйренемін дейтін кез келген балаға мектеп есіктері ашық. Жаттығулар «Энергетик» кортында дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 11.00-ден бастап өткізіледі.
Әлихан Рахметоллаұлы