Павлодарда – жаңа әкім

Облыс әкімі Болат Бақауов Павлодар қаласының жаңа әкімі Әнуар Күмпекеевті таныстырды. Ол бұған дейін Ақмола облысының Степногорск қаласын басқарған. Елбасының «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған жас жігітке аймақ басшысы үлкен сенім артып отырғанын жеткізді.

Әнуар Қайыргелдіұлы 1984 жылы Павлодар қаласында туған. 2005 жылы Мәскеудегі Михаил Ломоносов мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша, 2007 жылы Ұлыбританияның Бредфор университетінде экономика саясаты бойынша магистратураны тәмамдаған. Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асқан «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ә.Күмпекеев жас болса да бірнеше салада лауазымды қызмет атқарып, басшылықтың сенімін алған азамат. Ол еңбек жолын 2005 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қаржы және экономика департаментінде жетекші маман болып бастаған. 2007-2008 жылдары Астана қаласындағы «ҚР Ұлттық биотехнология орталығына» қарайтын маркетинг және коммерциялау департаментінің директоры, стратегиялық даму департаментінің директоры міндеттерін атқарған. Одан кейін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығында» департамент директоры, Ақмола облысына қарасты Степногорск қаласының әкімі сынды лауазымды қызметтерді атқарған.

                Айта кетейік, бұған дейін Павлодар қаласын басқарған Нұржан Әшімбетов Екібастұз қаласының әкімі қызметіне ауысты.

Тілеуберді Сахаба