Павлодарда жеке тұрғын үйлерге улы газға қарсы дабыл беретін қондырғылар орнатылады


Павлодар облысында әлеуметтік әлсіз топтардың жеке тұрғын үйлерде тұратын өкілдерінің баспаналарына улы газдың шыққандығы жөнінде белгі беретін қондырғы орнатылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Қызыл ай қоғамы» Павлодар облыстық филиалының директоры Гүлнәр Исаканова мәлім етті.

— Қысқы уақыттарда газбен улану жағдайлары жиі кездеседі, — деді Гүлнәр Исаканова. – Оның алдын алу мақсатында облыстық ТЖД қолдауымен жоба өткізудеміз. Жоба аясында ірі кәсіпорындардың көмегімен тұрғындардың үйлеріне улы газдың шығуынан хабар беретін арнайы дабылдық қондырғысын орнатпақпыз. Оны алдымен жеке тұрғын үйлерде тұратын жалғызбасты қариялар, көп балалы отбасылар сияқты әлеуметтік әлсіз топтардың өкілдерінен бастаймыз. Әзірге тізімде 185 адам бар. Қондырғы газдың концентраты белгілі бір деңгейге жеткен кезде қатты дыбыс шығаратын болады. Сол арқылы адамдар уланудан құтыла алады.

Гүлнәр Исаканованың айтуынша, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС мен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ қондырғыларды алуға көмектесуде. Қондырғының дүкендегі құны – 4-5 мың теңге шамасында.

— Қазіргі кезде Павлодар мұнай-химия зауыты 40 қондырғыны әкеліп берді, — деді Гүлнәр Исаканова. – Ал, Қазақстан электролиз зауыты 125 отбасыға аталмыш қондырғыны алып беруге уәде берді. Келісімшарт жүргізілуде. Павлодар облысы ТЖД басшысының орынбасары Алексей Двиняниннің мәлімдеуінше, өңірде 600-ге жуық әлеуметтік әлсіз топ өкілдерінің отбасы бар. Қазіргі уақытта олардың арасынан жеке тұрғын үйлерде тұратындарын анықтау жұмысы жалғасуда.

 

Әлихан Рахметоллаұлы