Павлодардағы көрмеге сексеннен астам діни экспонат қойылды

Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарих-өлкетану музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірегей діни экспонаттардың көрмесі ашылды. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев көрмеге қызығушылық танытушылар көп екендігін айтты.

— Бүгінгі көрмеге діни рәсімдерді атқару кезінде қолданылатын, өңіріміздегі діни конфессиялардың қалыптасу тарихы туралы сыр шертетін экспонаттар қойылды, — деді Мейрам Бегентаев. –Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Бұл тек қала тұрғындарына ғана емес, қонақтарына да қызықты болады деген ойдамын.

Көрмеде қасиетті кітаптардың, қолжазбалардың сирек басылымдары, бірегей құжаттар, Павлодар облысының аумағында әр түрлі конфессиялар діндерінің дамуы туралы сыр шертетін фотосуреттер көрермендер назарына ұсынылды. Мысалы, «Мәшһүр Жүсіп» мешіті Құранның, Тафсир Құранның екі бірегей экспонатын, діни ережелер, мұсылмандық мінез-құлық нормалары жайлы Фикх бойынша кітапты ұсынып отыр.

Көрменің ұйымдастырушысы – Павлодар облысы дін істері басқармасы Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықованың айтуынша көрменің құрылуына музей қызметкерлері, діни бірлестіктердің басшылары, көрмені өткізу идеясын қорғаған дін қызметшілері мен дінге сенушілер үлес қосқан.

— Көрме конфессияаралық бірлікті, рухани келісімді орнықтыру мақсатында өткізіліп отыр, — деді Гүлназ Раздықова. – Экспозицияның бірігейлігі – оның тарих храмында бір шаңырақ астында өткізіліп отырғандығында, барлық конфессиялардың өкілдері бірлесіп, көрмеге мұнда өте сирек кездесетін экспонаттарды ұсынды. Бұл көрме Ертістің Павлодар өңіріндегі діни бірлестіктердің тарихы терең, әрі мықты екендігін, дамып отырғандығын және конфессиялар арасындағы достықтың нығая түскендігін көрсетеді.

16-26 тамыз аралығында өткізілетін көрмеге Павлодардың Ертіс өңірі діндерінің даму тарихы туралы білуге ниет білдіргендер тегін келулеріне болады.

 

Әлихан Рахметоллаұлы