Павлодардағы мектепте заманауи STEM-зертхана ашылды
Павлодар қаласындағы Камал Мақпалеев атындағы №4 мектепте алғашқы STEM-зертхананың салтанатты ашылуы өтті. Мұндай кабинеттер еліміз бойынша 10 мектепте ғана бар.
STEM (science, technology, engineering, math) — ғылым, технология, инженерия, математика ғылымдарының қосындысы. Оқушылар STEM-зертханасында төрт бағыт: инженерия, робот техникасы, 3D-моделдеу және бағдарлама әзірлеу бойынша дағдыларды меңгеретін болады.
Камал Мақпалеев атындағы №4 мектептің директоры Нұржиян Батесова кабинетті ERG корпорациясы толықтай қаржыландырып, тоғыз миллион теңгеге жуық ақша бөлгенін атап өтті.
— Қалада бұл кабинетті ашуға өтініш білдірген мектептер көп болды, — деді Нұржиян Батесова. – Алайда, біздің мектептегі оқушылардың ата-аналарының 40-45 пайызы зауытта еңбек етеді. Сондықтан алғашқы кабинет бізге бұйырды. Менің ойымша, әрі қарай зауытта қызмет атқаратындардың әулеті қалыптасатын болады.
Сәуірде Астанадан келген мамандар үш күндік семинар өткізіп, оқушыларды STEM бағытымен таныстырып кетті. Тамыз айында біздің мектептің физика мен информатика пәндерінің және қосымша мұғалімдерді оқытты. Енді олар балаларға үйрететін болады. Бұдан бұрын мектебімізде мемлекеттің есебінен робот техникасы кабинеті ашылған болатын. Сондықтан бұл жерде балалар өзге үш бағыт бойынша білім алады. Аталған қаржыға кабинетке 10 ноутбук, интерактивті тақта және керекті құралдар мен зертхана жабдықтары алынған.
Камал Мақпалеев атындағы №4 мектептің түлегі, «Қазақстан алюминийі» АҚ жастар кеңесінің төрағасы Александр Алексейцев оқушыларды берілген мүмкіндікті пайдаланып қалуға шақырды.
— Біздің кезімізде мұндай мүмкіндік болған жоқ, — деді Александр Алексейцев. – Енді бұл жерде шама жеткенше еңбектену керек. Нәтиже болады деп ойлаймын. Егер қажет деп санасаңыздар, алдымен біздің зауытымызға келіп жұмыстарымызбен танысуларыңызға болады. Кейін тәжірибе жүзінде өздеріңіз әрекет ететін боласыздар.
Айта кетейік, алғашқы ашық сабақта 8-сынып оқушылары көпір жасауды үйренді.
Әлихан Рахметоллаұлы