Павлодардан 760 азамат аттанады

Қазір елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Осы ретте, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге баратын азаматтарға қандай талаптар қойылады? Біздің жігіттер әскери міндеттерін қандай әскери құрылымдарда атқарады? Осы және өзге де сауалдарды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Баянбек Орашевке қойған едік.

— Баянбек Айтмұхамедұлы, осы күзде қанша жігіт әскер қатарына қосылады және олар Отан алдындағы азаматтық міндеттерін қандай-қандай әскери құрылымдарда өтейтін болады?

— Павлодар облысында 18-27 жас аралығындағы азаматтарды әскерге шақыру науқаны қыркүйек айында басталған болатын, желтоқсан айына дейін жалғасады. Жалпы, биылғы күзгі шақыру науқанында 760 адам азаматтық борышын өтеуге аттанады деп жоспарлануда. Олардың 50 пайызы ауылдық жерде тұратындар. Әскери бөлімдерді жасақтау – аумақтық принцип бойынша жүзеге асырылатын болады. Биыл күзде шақырылған 760 адамның 300-ден астамы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне, тағы 300-ден астым Қазақстан қарулы күштерінің құрамына, 150-і ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланға жіберілсе үш сарбаз Мемлекеттік күзет қызметінде Отан алдындағы азаматтық міндеттерін өтейді.

— Енді болашақ сарбаздарды әскерге шақыру алдында қойылатын талаптарға тоқталсаңыз…

— Біз жігіттерді сарбаздар сапына қоспас бұрын медицинадық тексерістен өткіземіз. Яғни, жігіттердің денсаулығы барлық жағынан жарамды болуы керек. Екінші талап – бұған дейін сотталмаған болуы қажет. Тіпті, ұсақ-түйек тәртіп бұзушылықпен заңға тартылғандардың өзі әскерге алынбайды. Сонымен қатар, бұған дейін алған мамандықтарын да ескереміз. Одан кейін әрбір әскери құрылымның өз қоятын талаптары мен алатын сынақтары бар. Мысалы, Қазақстан қарулы күштері құрамындағы десанттық және арнайы жасақ қызметтеріне барушылардың бойы 1,80 метрден жоғары болуы керек. Олар міндетті түрде спортпен шұғылданған соның ішінде қоян-қолтық ұрыс түрімен айналысқан болуы қажет. Сонымен қатар, орта білімі туралы куәлік талап етіледі. Олар бірінші медициналық тексеруден, екінші мандаттық тексеруден өтеді. Міне, осы сынақтардан өткен жағдайда ғана қабылданады. Ал, ҚР ІІМ-нің құрамындағы Ұлттық ұлан мен жаяу әскер сапына қосылғысы келетіндердің бойы 1,70 метрден кем болмайды.

— Қандай да бір болымсыз жағдайларды сылтау етіп, әскери міндетін өтеуден бас тартушылар көп кездесе ме?

— Бізде мұндай жағдай өте сирек. Керісінше, әскерге барғысы келетіндердің қатары жыл санап артып келеді. Өкінішке орай, біз олардың барлығын түгел сыйғыза алмаймыз. Себебі, әскердің өзі жоғары оқу орыны секілді ғой, бір орынға бәлен адам таласады. Мысалы, денсанттық әскери бөлімдер бойынща бір орынға 10 адам, Шекара қызметіне 10 адам, Қазақстан қарулы күштерінің бөлімдеріне бір орынға бес-алты адам, Мемлекеттік күзет қызметіне бір орынға 50 адам таласады. Міне, бұл өте қуантарлық статистика. Яғни, жігіттеріміз әскери міндетке бей-жай қарамайды деген сөз. Бұдан қазақ жігіттерінің жүрегінен өз Отанына деген сүйіспеншілікті байқаймыз. Ал «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң бойынша кейбір азаматтар отбасылық жағдайларына байланысты әскерден біржолата босатылады немесе шақыру кейінге қалдырылады. Мысалы, отбасылы және екі немесе одан көп баласы барлар шақырылмайды. Сол секілді бұрын әскери қызметте жүріп қайтыс болған адамдардың балаларына да бас тартуына мүмкіндік бар. Егер, қандай да бір ауру анықталса онда уақытша ғана кейінге қалдырып, емдеуге жібереміз.

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.