Павлодарға бағаны тұрақтандыру мақсатында арзандатылған ет жеткізіледі


Ертіс өңірінде жергілікті шаруа қожалықтары Павлодарға арзандатылған ет жеткізетін болды. Бұл туралы облыс бойынша азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын басқару жөніндегі комиссияның отырысында айтылды.

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев соңғы екі айда еттің бағасы қымбаттағанын атап өтті.

— Бізде үкіметтің қаулысымен бекітіліп берген әлеуметтік маңызы бар өнімнің 19 түрі бар, — деді Нұрболат Мақашев. – Сол өнімдердің ішінде соңғы екі айда еттің бағасы 1412 теңгеге жетіп отыр. Қымбат бағаға халықтың арасында шамасы жетпейтін де топтар бар. Сол себепті, осы бағаны тұрақтандыру мақсатында жауапты комиссияның отырысы өткізілді.

Тұрақтандыру қоры өз есебіндегі 100 миллион теңгеге ет сатып алып, сауда желілеріне өткізуге шешім шығарып отыр. Етті 1180 теңгеге сатып алатын болады. Ауыл шаруашылығы басқармасының сараптамасы бойынша облыс орталығының тұрғындарына айына 574 тонна ет қажет.

Облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Дәурен Мақажанов азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры қордағы қаржы бойынша әзірге 85 тонна ет сатып алатынын жеткізді.

— Бұл төс-жауырын еттеріне қатысты болмақ, — деді Дәурен Мақажанов. — Әзірге осындай келісімшартқа отыруға «Абай» ЖШС ғана келісіп отыр. Алайда өзге де ет комбинаттар ниет білдірген. Сондықтан әлі де кездесулер өткізіледі. Ет жеткізушілердің саны артқаннан кейін әлеуметтік емес дүкендерге де өткізетін боламыз. Алайда олар бағаны 10 пайыздан асырмау туралы шартпен келісуі қажет. Осы келісімшартты бұзған, тауарды кеш жеткізген, сапасын төмендеткендер қара тізімге енгізіліп, оларға тиісті шара қолданылады.

Дәурен Мақажановтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізіміндегі екі өнім: қант пен күріш Павлодар облысында өндірілмейді. Сондықтан бұл тауар түрлерін жеткізу үшін Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарымен серіктестік орнатылып, жағдай реттелетін болады.

Әлихан Рахметоллаұлы