Павлодарлық жеңіл атлетші Азия чемпионы атанды


Павлодарлық жеңіл атлетші Ольга Сафронова Катарда өтіп жатқан Азия ойындарында жеңіс тұғырынан көрінді. ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті Ольга Сафронова Азия чемпионатында жаңа рекорд орнатқанын хабарлады.

100 метр қашықтыққа жүгіру сайысына барлығы 27 желаяқ қатысып, олардың он алтысы келесі айналымға өтті. Бірінші айналымда мәре сызығын екінші болып кескен Ольга Сафронова жартылай финал мен ақтық кезеңде алдына жан салмады. Павлодарлық жеңіл атлетші 100 метрді 11,17 секунд ішінде жүгіріп өтіп, Азия чемпионатының рекордын жаңартты.

— Бұл нәтиже біздің спортшыға әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік береді, — деп хабарлады ҚР ҰОК. 23 сәуір күні біздің спортшымыз 200 метр қашықтыққа жүгіруден сайысқа түседі.

Жарыстың екінші күнінде тағы да үш қазақстандық спортшы қола медальдерге ие болды. 400 метрге жүгіруден Михаил Литвин, 800 метрге жүгіруден Маргарита Мукашева және ядро лақтырудан сайысқа түскен Иван Иванов үшінші орынды жеңіп алды.

Айта кетейік, Катардың астанасы Доха қаласында жеңіл атлетикадан өтіп жатқан Азия чемпионаты 24 сәуірде мәресіне жетеді.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы