Павлодарлық аграрийлер тәжірибелік қызылшаның алғашқы өнімдерін алды
Егістік алқаптарынан алынған қызылша жақын арада РФ-ың Алтай өлкесіндегі қант зауытына зерттеуге жіберіледі.
— Қазіргі кезде «Маяк» ШҚ-да тәжірибелік қызылшаның алғашқы өнімдерін қазып ала бастады, — деді ауыл шаруашылық тәжірибелік станцияның өкілі Байжан Уалханов. – «Ақтоғай-Агро» және «Сергей» ШҚ-тары да қызылшаны қазып ала бастады. Бұл шаруашылықтар қызылшаны дер кезінде барлық технологияны сақтап отырғызған.
Немістің KWS брендінің қант қызылшасының сегіз сұрыптары Павлодар облысындағы 10 фермерлік шаруашылыққа таратылып берілген еді. Шаруалар 2021 жылы құрылысы аяқталатын қант зауытына қажетті шикізатты өздері егіп көрді. «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері жаңа кәсіпорын жылына 100 мың тонна қант өндіретінін және жаңадан 200 жұмыс орны ашылатынын айтты.
— Алтай өлкесіндегі Черемнов қант зауытымен келісім шарт бар. Ол бойынша қант қызылшасының сапасын зерттеу жұмыстары жүргізіледі, — деді «Павлодар» ӘКК агроөнеркәсптік кешенді дамыту жөніндегі департаменттің директоры Даулетияр Бигелдиев. – Бұл мақсаттарға әр сұрыптан 40 келіден алынды. Сараптама өткізілгеннен кейін қай ауданда өсірілген қызылша стандартқа сәйкес екендігін және құрамындағы қант мөлшері мол екендігін білетін боламыз.
Мамандардың айтуынша қант қызылшасының сапасы үшін өнімнің салмағы емес, қанттың құрамының мол болуы маңызды. Сондықтан қайта өңдеу зауыттары қанттың мөлшері 18-ден 24%-ға дейінгі өнімдерді таңдайды. Қант мөлшері төмен қызылша азықтық өңдеуге жіберіледі.
Әлихан Рахметоллаұлы