Павлодарлық ақын Шолпан Байғалықызы 70 жасқа келді
Өңірімізге белгілі қаламгер, айтыскер ақын, журналист Шолпан Байғалы мерейлі 70 жасқа толды. Жақында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қаламгердің оқырмандарымен кездесу кеші болды. Шара барысында жергілікті өнерпаздар ақынның өлеңдерін оқыды.
Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов қатысып, облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың құттықтау хатын табыстады. Сонымен қатар, кездесуге аймағымызға белгілі ақын-жазушылар, журналистер және өнер адамдары арнайы келіп, Шолпан апайды мерейтойымен құттықтады.
— Шолпан Байғалықызының шығармашылығымен жас кезімнен бері жақсы таныспын. Ақынның өлеңдерінің көбі реализмге негізделіп жазылады. Әр өлеңінен өмірдің шын келбетін көруге болады. Сонымен қатар, Шолпан апайымыз махаббат, сағыныш тақырыптарын көп жырлайды. Бұл кісі ақындықтың екі жанрын қатар алып жүрді. Яғни, айтыс пен жазба поэзияны. Бүгінде жетпісті желкелесе де қолынан қаламын тастамай келеді. Алдағы уақытта да оқырман үдесінен шығатын тың дүниелер жазады деген сенімдеміз. Мерейтойыңыз құтты болсын, шығармашылықта табыс тілеймін, — деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов.
Шолпан Байғалықызы Ақтоғай ауданына қарасты Жаңатап ауылында дүниеге келген. Жасынан әдебиетке жақын болып, жергілікті ақындардың өлең-жырларын жаттап өскен. Алғашқы балғын жырлары тұңғыш рет 1964 жылы облыстық және республикалық басылымдарда жарық көрген. Одан соң 1972 жылы «Жазушы» баспасында дайындалған «Көктем тынысы» деп аталатын ұжымдық жинаққа өлеңдер топтамасы енсе, алғашқы жеке жинағы 1996 жылы басылған. Содан бері «Ай-нұрым менің», «Еркелеймін Ертіске», «Сезімді қайтем тулаған», «Сыр сандық» және «Таңшолпан» сынды оншақты кітабы оқырманға жол тартты. Ең соңғы жарық көрген «Таңшолпан» кітабына тек прозалық жинақтары мен күнделіктері топтастырылған.
— Мен өлеңге жастайымнан құмар болып өстім. Әсіресе, Иса Байзақовтың әндері мен өлеңдерінен көп нәр алдым десем артық айтқандық болмайды. Сонымен қатар, павлодарлық ақын Аманжол Шамкеновтың шығармашылығы маған жақын. Мектеп оқушысы және студент кезімде талай сахнада осы екі ақынның өлеңдерін оқыдым. Тіпті, кейбір шумақтарын өзімнің күнделік дәптеріме эпиграф ретінде жазып қоятын едім. Менің 50 жасқа дейінгі жазған күнделіктерімді бір кітап етіп шығардым. Мұнда басымнан өткен не бір қызықты оқиғалар, ұмытылмас аяулы сәттер бар. Әсіресе, белгілі ақын Дихан Әбілев пен бұлбұл әнші Роза Бағлановамен кездескен сәттерім естен кетпейді, — дейді Шолпан Байғалықызы.
Шолпан Байғалықызының биылғы мерейтойына орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде жеке көрмесі ашылды. Жиын соңында мерейтой иесін музей басшысы, белгілі суретші Жеңіс Молдабеков құттықтап, қылқаламмен салған портретін табыстады.
Бақытжамал МАКСИЛОВА, облыстық “НҰР-АНА әлемі” қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
— Мен Шолпан Байғалықызын аяулы ана, сүйікті жар және мейірімді әже ретінде жақсы білемін. Ол кісі отбасылық және қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүреді. Қандай қиындық босла да төзе білетін қайсар жан. Біз сізді мақтан тұтамыз. Қазақтың әрбір қызы өзіңізде болса, біздің болашағымыз жарық, тәрбиеміз тәлімді болмақ болмақ. Бүгінгі туған күніңізбен және биылғы мерейтойыңызбен барша аналар атынан шын жүректен құттықтаймын. Жасыңызға жас қосыла берсін.
Тілеуберді САХАБА