Павлодарлық әскерилер халықаралық әскери ойындарға қатысады
Павлодарлық әскери қызметшілер Қазақстан құрамасының сапында халықаралық әскери ойындарға қатысады. Бұл туралы Павлодар облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы Тимур Жағыпаров мәлім етті.
— Еліміздің әскериқызметшілері әскери ойындар бағдарламасындағы 28 сайыстың 14-іне қатысады, — деді Тимур Жағыпаров. – Қазақстан Қарулы Күштерінің командалары «Әскери халықаралық ойындар-2018» сайысының байқауына қатысу үшін кетті. ҚР ҚК құрама командаларының қатарында 300-ге жуық әскери қызметші бар. Олар Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясына аттанды.
Ел аумағында аталмыш байқау шеңберінде «Артиллериялық оқ ату шеберлері», әскери байланысшылардың «Сенімді айла-тәсіл» және ұшқышсыз ұшу аппараттарының «Сұңқардың аңшылығы» сайыстары өтеді. Қазақстан аумағындағы әскери ойындар 1-9-тамыз аралығында өтеді. Үстіміздегі жылы әскери ойындар Ресей Федерациясы, Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Иран және Қытай сияқты жеті мемлекетте өтеді.
Әзірге қазақстандық әскери ұшқыштар Ресей Федерациясының аумағында өткізіліп жатқан «Авиадартс-2018» байқауына қатысу үшін 4++ үлгісіндегі СУ-30 майдандық және армиялық авиацияның ұшу аппараттарын тасымалдауды жүзеге асырды. Аталмыш байқауға қатысу үшін үздік ұшқыштар мен инженерлік-авиациялық құрам іріктелді.
Айта кету керек, ұшқыштардың арасында Павлодар облысы Ақтоғай ауданының тумасы, Әуе Қарулы Күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов та бар. Дәурен Қосанов ұшқыштардың іс-қимылдарын басқаратын болады. Сонымен қатар, Ертіс өңірінен келісімшарт бойынша шақырылғандар әскери әуе күштері, құрлықтық әскердің және әскери теңіз күштерінің сапында өнер көрсетеді.
Әлихан Рахметоллаұлы