Павлодарлық балғындар Литвада өткен сурет байқауының дипломанттары атанды
Павлодар қаласының №2 балалар көркемсурет мектебінің оқушылары Литвада өткен ХV «Славян бұлағы» халықаралық балалар байқауына қатысты. Қалалық білім беру бөлімінің маманы Балжан Әділханованың айтуынша байқауға Еуропа, Америка, Азиядан 5-18 жас аралығындағы 240-тан астам жас суретшілер, олардың ішінде Павлодар көркемсурет мектебінің 18 оқушысы қатысты. Байқау қатысушылары көрмеде туған жердің тарихы, мәдениет саласындағы көрнекті қайраткерлер туралы, сондай-ақ өз еліне, туған өлке табиғатына арналған образдар бейнеленген суреттерді ұсынды.
— Әділқазы мүшелері жеңімпаздарды анықтау үшін бес мыңнан астам жұмыстарды қарастырды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақстаннан 7 оқушы, оның ішінде Павлодардан қатысқан 4 оқушы жүлдегер атанды, — деді Балжан Әділханова. — «Туған өлкемнің көркемдігі» номинациясы бойынша жеті жастағы Арина Барт «Қыс» суреті үшін, Айзия Таңжарық «Үкі» суреті үшін арнайы дипломдар табысталды. Тоғыз жасар Томирис Кұдайберген «Рождество», жеті жасар Диана Аштаева «Туған далам» суреттері үшін мадақтау дипломдарымен марапатталды.
Оқушылар «гуашь» техникасымен жұмыс істеді, яғни түрлі-түсті бояуларды араластыру арқылы басқа түс шығарады. Жеңімпаздардың жұмыстары бойынша Клайпедск қаласндағы Пранаса Доминайтиса галереясында ашық көрмесі ұйымдастырылды.
Әлихан Рахметоллаұлы