Павлодарлық фермерлердің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде мыңдаған астаналықтар сауда жасады

Астана тұрғындары Ертіс-Баян өңірінен жеткізілген ет, жұмыртқа және қарбызды сатып алу үшін кезекке тұрды. Алғашқы сатып алушылар жәрмеңкенің ресми ашылуынан көп ерте келді. Олардың қатарында Павлодардан келетін жәрмеңкені асыға күтетін тұрақты сатып алушылар да бар.

— Біз тәтті қарбыз жеу үшін Павлодардан келетін жәрмеңкені жыл сайын асыға күтеміз, — дейді астаналық тұрғын Юлия Вольнова. – Қарбыздан бөлек жәрмеңкеде сатып алынатын ет пен өсімдік майының бағасы да қол жетімді.

Жәрмеңкенің өтуіне жауапты елорданың билік органдары Павлодар облысының өнімдері астаналық тұрғындардың арасында мұндай қызығушылық туғызатынын күтпегенін айтты.

— Астананың 20-жылдық мерейтойының шеңберінде еліміздің барлық өңірлері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізіп жатыр. Жәрмеңкедегі халықтың көптігіне қарап, астаналықтар Ертіс-Баян өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдерін асыға күткенін байқауға болады, — деді елорданың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рысгүл Кауғабаева. – Павлодар облысының «Кэмми», «Рубиком», «Крендель» және басқа да кәсіпорындарының өнімдері Астана тұрғындары арасында зор сұранысқа ие. Көптеген сатып алушылар Аққулының дәмі тіл үйірер қарбыздарын сатып алу үшін арнайы келіп отыр.

Жәрмеңкенің ұйымдастырушылары үш сағатқа толар-толмас уақыт ішінде астаналықтар 500 тоннаға жуық өнімнің 30 пайызын сатып алғанын хабарлады. Жәрмеңке өтетін екі күннің ішінде 55 мыңнан астам сатып алушы келеді деп күтіліп отыр.

Әлихан Рахметоллаұлы