Павлодарлық кәсіпкер жемістерден чипстер мен флакстер жасап шығарады

Облыс орталығының тұрғыны Людмила Каухердің негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Ұзақ жылдар бойы мектепте қызмет еткен ол қазіргі кезде жемістерден тәтті қытырлақ чипстер, флакстер мен созылмалы кәмпиттер жасап шығарумен айналысады.

— «Қызықты тәттілер» деген брендпен шығатын тәттілерді мен алдымен отбасым үшін жасадым, — дейді жеке кәсіпкер. – Барлық өнімдердің тиісті сертификаттары бар, Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкес және жақын арада қаламыздағы дүкендердің сөрелерінде сатылымға шығады.

Жеміс чипсілерінен бөлек Людмила Каухер түрлі дәмдерді араластыру арқылы созылмалы кәмпиттер, күнжіт печеньесі мен халуа әзірлеп шығарады. Оның айтуынша, тәттілер саяжайда өсетін табиғи жемістерден қант қосылмай жасалғандықтан балалар мен ересектер үшін, әсіресе, қант диабетімен ауыратындар үшін аса пайдалы.

— Мысалы, күнжіт печеньесін жаңғақтардан, банан езбесінен және күнжіт дәндерінен жасаймын, — дейді Людмила Каухер. – Ингредиенттерді араластырып, қалыпқа құйған соң төмен температурада дегидратор арқылы кептіремін. Алдағы уақытта үлкен кептіргіш шкаф сатып алу ойда бар. Жеміс чипсілері үшін өзіміздің саяжайда өсетін жемістерді қолданамын. Біздің өңірде өспейтін киви, банан сияқты жемістерді жергілікті «Рахмет» базарында нитратометр арқылы тексеріп, сатып аламын. Флакс жасау үшін зығыр тұқымын пайдаланамын. Оған балдыркөк, сарымсақ, томат, тұз қосамын. Флаксты нанның орнына пайдалануға болады.

Людмила Каухер өзінің тәттілерін қағаз қорапшаларға қаптайды. Олардың салмағы 25 граммнан 350 граммға дейін. Осыған байланысты, бағасы да әр түрлі. Мысалы, алма, алмұрт, банан, киви, қауын, апельсин және құлпынайдан жасалған 70 грамм чипстердің бағасы — 900 теңге.

— Павлодарда біздің өнім туралы әлі көпшілік біле бермейді. Дүкендерді аралап, орталық жағалауда түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, — дейді кәсіпкер. – Бұл кәсіптің болашағы зор деп ойлаймын. Қазір көп адамдар салауатты өмір салтын ұстанып, табиғи таза өнімдерді тұтынуға тырысады. Біз оларға дәл осындай өнімді ұсынамыз.

 

Әлихан Рахметоллаұлы