Павлодарлық колледж республикалық рейтингте екінші орыннан көрінді

Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжі еліміздегі ең мықты үш колледждің сапына енді. Бұл туралы колледж директорының оқу-өндірістік тәжірибе жөніндегі орынбасары Әсемгүл Әбілтаева айтты.

— Білім беру саласында үздік сапаны қамтамасыз ету бойынша рейтингті тәуелсіз агенттiк өткізді, — дейді Әсемгүл Әбілтаева. – Рейтингте еліміздегі 38 колледждің жұмысы алты индикатор бойынша бағаланды. Оның ішінде күндізгі бөлімдегі, мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқитын және басқа қалалардан оқуға келген студенттер санына назар аударылды. Сонымен қатар, жатақханамен қамтамасыз ету мен оқу үрдісінің сапасы мен білім беру нәтижесі де қаралды.

Рейтингтің қорытындысы бойынша Б.Ахметов атындағы колледж 54,75 ұпаймен 2018 жылдың үздік педагогикалық колледждері арасындағы Ұлттық рейтингте екінші орынға ие болды.

1929 жылы іргетасы қаланған аталмыш білім ордасында бүгінгі таңда сегіз мамандық бойынша 1334 студент білім алады. Оның ішінде күндізгі бөлімдегі студенттер саны – 1078, сырттай бөлімдегі студенттер саны – 253. Ұстаздар саны – 82. 2017 жылы тамыз конференциясы алдында облыстағы колледждердің арасында өткен байқауда 50 млн теңге көлемінде ұтып алған грантқа биыл материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Колледжде оқу-өндірістік шеберханалар, зертханалар, арнайы пәндер кабинеттері бар және олар заманауи оқу-өндірістік технологиялық құралдармен жабдықталған. Колледждің өзінің жеке 400 орындық жатақханасы бар.

Айта кетерлігі, Бейсен Ахметов атындағы Павлодар педогогикалық колледжінде қазақ әдебиетінің алыбы, тұңғыш әнұранның авторларының бірі Мұзафар Әлімбаев, Кеңес Одағының Батырлары Серікбай Мүткенов, Құдайберген Сұрағанов, Қабдеш Нұркин сияқты әйгілі жерлестеріміз білім алған.

Әлихан Рахметоллаұлы