Павлодарлық маман Қазақстанның «Үздік фельдшері» атанды
Павлодарлық дәрігер Сергей Грищук «Үздік фельдшер» атты республикалық байқауда бақ сынап, жеңімпаз атанды. Байқауға еліміздің барлық облысынан осы саланың ең үздік мамандары келді.
Байқаудың бірінші кезеңі Жедел жәрдем станциясы қызметкерлерінің арасында өтті, оның нәтижесі бойынша Сергей бірінші орын алды. Павлодарлық фельдшер Астана қаласына республикалық орталыққа жіберілді. Онда Қазақстанның әр облысынан келген үміткерлер жиналды.
Финалдың соңғы кезеңдерінің бірі – шығармашылық сайыс. Бұл кезеңде Сергей өз жұмысының принциптерін сипаттап, автобиографиясын ұсынды. Соңғы кезең аяқталысымен қазылар алқасымен жеке сұхбат өтті. Байқаудың барлық кезеңдеріндегі нәтижелерді ескере отырып, тәжірибелі әріптестері «Үздік фельдшер» атағын павлодарлыққа берді.
– Мен Жедел жәрдем станциясында 10 жылдан бері жұмыс істеп келемін және берген тәжірибелері үшін аға әріптестерге алғысымды білдіргім келеді. Бүгінгі күні алғашқы жедел медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған, яғни дәрілік препараттар мен медициналық инструменттерден бастап кажетті жабдықтарға дейін – барлығы қолжетімді. 10 жылдық жұмыстың ішінде алғашқы медициналық қызмет көрсету саласында бірталай өзгерістер орын алды. Барлығы халықаралық стандарттарға сәйкес автоматтандырылған, біз тұрақты түрде біліміміз бен дағдыларымызды жаңартып отырамыз. Меніңше, осы сайыста жолым болды, әйтпесе үздік фельдшер атағына лайық мамандар көп, — дейді Сергей.
Өз тілшімізден