Павлодарлық оқушы Малайзияда өткен халықаралық конференцияға қатысты
Облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 «В» сыныбының оқушысы Әбен Динара Малайзияның Путраджайя қаласында өткен «БҰҰ-ың Азиялық Жастар Халықаралық моделі 2019» конференциясына қатысты. Бұл туралы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі Facebook әлеуметтік желісіндегі аккаунтында хабарлады.
Конференцияның мақсаты – жаһандағы адамзаттың қауіпсіздік мәселелерін талқылап, оларды шешу болып таьбылады. Конференция қатысушылары әлемнің 79 елінен қатысқан отыз бес мыңнан астам үміткердің арасынан іріктеліп алынды. Нәтижесінде конференцияға әлемнің 79 мемлекетінің атынан 152 делегат қатысты.
Динара «Әлем қарусыз өмір үшін» тақырыбындағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі комитетінің жұмысына қатысты. Төрт күнге созылған конференция барысында қатысушылар БҰҰ комитеттерінің сессияларына қатысып, өз елерін таныстырды. Іс-шараның спикерлері ретінде Малайзияның сұлтанының мұрагері, Селангор ханзадасы Тенгу Әмір Шах, Бельгия Республикасы елшілігінің өкілдері дәріс оқыды.
— Бұл сапар менің әлемді танып, өзімді қолдаған отандастарымның сүйіспеншілігін сезінуге мүмкіндік берді, — дейді Динара Әбен.
Әлихан Рахметоллаұлы