Павлодарлық оқушы Ұлыбритания патшайымынан хат алды

Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 «D» сынып оқушысы Ислам Сүлейменге Ұлыбритания патшайымы II Елизаветадан хат келді. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі мәлім етті.

Ислам өз хатында алдымен Патшайымның әлемдік саясатта алар орны мен қосқан үлесі жөнінде жазған. Бұдан кейін патшайымның немересі Гарри Ханзада мен Меган Марклдың шаңырақ көтеруімен және шөбересі Луидің дүниеге келуімен құттықтап, өз тілегін білдірген.  Оның бұл хатты жазуына бала кезінен Ұлыбритания елінің тарихына деген қызығушылығы себеп болған. Сондықтан бар ойын жинақтап, ақ қағаздың бетіне түсіруді жөн көрген.

—  Британдықтардың ғасырларға созылған тариxы, мәдениеті мен тілі  әрқашан баурап алатын. Әсіресе, заманауи ғасырда монарxиялық билікті әлі де сақтап қалып, дәстүрлерін жалғастыруын ерекше атап өтуге болады. Соңында белгілі тұлғаға деген ізгі ниетімді жеткізіп, xатты рәсімдеуге кірістім. Ұстазым  бұл жұмысымды оң бағалап, «Қазпошта»  арқылы жібердім, — дейді ол.

Бір апта уақыттың ішінде  келген хаттың жауабында патшайым  Исламға  құттықтауы үшін алғыс білдірген.

—  Деректерге сүйенсек, Букингем сарайына әлемнің әр жерінен күніне 300-ден астам xат келеді екен. Соның ішінде менің жазбамның қараусыз қалмағаны өзімді ерекше қуантты әрі таң қалдырды. Шыны керек, Лондоннан ресми жауапты мүлдем күтпеген едім. Қуанышымда шек жоқ, — дейді Ислам Сүлеймен.

Жасөспірім сабақтан тыс уақытында мақала жазып, журналистика үйірмесіне қатысады және туризм саласына қатысты ғылыми жобалар жазумен айналысады. Ислам «XV Сәтбаев оқулары»  Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының  1 дәрежелі диплом иегері, «Жас Медиа» тұңғыш республикалық жас журналистер премиясының лауреаты. Ол болашақта Лондонның жоғары  оқу орнында білім алуды  армандайды.

 

Әлихан Рахметоллаұлы