Павлодарлық спортшылар Мәскеуде өткен әлем чемпионатынан тоғыз медаль олжалады


Мәскеуде панкратион мен грэпплингтен өткен әлем чемпионатынан павлодарлық спортшылар алтын медальдермен оралды. Бұл туралы облыстық панкратион және грэпплинг федерациясының президенті Алтынбек Рысжанов мәлім етті.

— Қазақстаннан сегіз спортшы қатысты, — деді Алтынбек Рысжанов. – Оның жетеуі чемпион атанды. Нәтиже өте тамаша. Спортшыларымыз аталмыш бағытта еліміздің деңгейін көрсете білді. Барлығы жүлделі орын иеленіп, көрсеткішіміз 100 пайызға жетті. Жерлестеріміз Әділет Шаймерден мен Алик Домнич чемпионаттың екі түрінен де алтын медальдерге ие болды.

Юра Нестерук пен Темірлан Жұматаев бір алтын, бір күміс медаль еншіледі. Ал, Темірлан Сәдуақасов бір алтын, бір қола медаль алса, Шыңғыс Тыныбаев бір қола медальге қол жеткізді. Айта кетейік, бұл Athlima нұсқасы бойынша өткен сегізінші әлем чемпионаты. Әлемдік жарыста барлығы 70-тен астам медаль сарапқа салынды.

 

 

Әлимхан Рахметоллаұлы