Павлодарлық таэквондошылар Еуропа Кубогінің жүлдегерлері атанды
Павлодарлық төрт спортшы Қазақстан құрамасының сапында Ереванда өткен таеквондодан Еуропа Кубогіне қатысты. Турнирге Қазақстан құрамасы сапында еліміздің бес қаласынан жиналған 35 таеквондошы аттанды.
Біздің құрамамыздан бөлек жарыста Ресей, Армения, Норвегия, Болгария, Беларусь, Украина, Молдова және басқа да елдерден жалпы саны 400-ге тарта спортшы қатысты. Жарыста Павлодар облысы атынан сегіз жасқа дейінгі категорияда Батырхан Қожанов пен Жан Шыңғажинов, он жасқа дейінгі категорияда Дияр Қимашев және Людмила Паршукова 18 жастар үлкендер арасындағы сынға түсті. Түсті белбеулер иегерлері арасындағы жарыс хъенги (формальді кешен) және массоги (спаррингтер) атты екі бағдарлама бойынша өткізілді. Осы екі бағдарлама нәтижесінде Жан Шыңғажинов күміс медальдер ұтып алды. Батырхан Қожанов хъенгиде жеңіске жетсе, Дияр Қимашев массогиде үшінші орынға ие болды.
Людмила Паршукова хъенги жарысында алтын медаль ұтып алып, арнайы техника (тақтайларды сындыру) бағдарламасында күмісті иеленді. Сонымен бірге, Людмила Паршукова ҚР құрамасы сапында командалық хъенги жарысына қатысып, құрамамен бірге екінші орынға ие болды.
— Біздің таеквондошылар тәуір нәтижелер көрсетті, — деді облыстық Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (GTF) президенті Кәлен Сұлтанғазин. – Павлодарлықтар бірнеше медальдар иеленді. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте Ресей мен Армениядан кейінгі үшінші орынға көтерілді.
Әлихан Рахметоллаұлы