Павлодарлық жас хоккейшілер Омбыда жеңіске жетті
Өткен аптада Павлодар мен Омбының жасөспірімдер хоккей командалары жолдастық кездесу өткізді. Ойын Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың Омбы облысына жасаған ресми сапарына орай өткізілді.
2007 жылы туған балалардың арасындағы хоккей матчі Фетисов атындағы мұз сарайында өтті. Ойынның жолдастық мәртебесіне қарамастан бәрі де ресми деңгейде ұйымдастырылды. Ең алдымен, Қазақстан мен Ресейдің тулары көтеріліп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Омбы мен Павлодар облысының басшылары қос команданың ойыншыларына сәттілік тіледі.
— Сіздер жас болғандарыңызға қарамастан, айдында нағыз ерлерге тән жігермен ойнайсыздер деп сенемін, — деді Омбы облысының губернаторы Александр Бурков. – Біз үшін хоккей тек тартысты ойын ғана емес, екі елдің достығын бекемдейтін құрал ретінде де маңызды. Әдемі ойын өрнегін көрсетулеріңізге тілектеспін.
— Біздің өңірлер спортта ғана емес, экономика, мәдениет, басқа да салаларда достық қатынастарын нығайтып келеді, — деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. – Дәл қазір, алаңда болашақ олимпиада ойыншылары тұр деп сенемін. Сіздерге мықты денсаулық пен бақыт тілеймін.
Жас ойыншылардың арасынағаы тартысты бәсеке 60 минутқа созылды. Матч кезінде павлодарлық хоккейшілер қарсыластарының қақпасына 13 шайба салып, өздері екі шайба өткізіп алды. Матч қорытындысы бойынша павлодарлық Никита Афанасьев кездесудің үздік ойыншысы атанды.
Әлихан Рахметоллаұлы