Павлодарлық жеңіл атлетші Ольга Сафронова Азиаданың қола жүлдегері атанды
Павлодарлық атлетші жазғы Азия ойындарының 4х100 метрге жүгіру эстафетасына қатысып, Қазақстан құрамасы сапында қола жүлдеге ие болды. Бұл туралы еліміздің Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті.
— Жеңіл атлетикадан Азия ойындарының ең соңғы күнінде Қазақстан қоржынына қола жүлдені 100 метрге эстафеталық жүгіруден қыздарымыз салды, — деді баспасөз қызметінде. – Қазақстан құрамасы сапында финалдың алдында бір өзгеріс орын алды. Бұл жолы Рима Кашафутдинованың орнына Виктория Зябкина жүгірді. Сонымен қатар, команда сапында – Элина Михина, Светлана Голендова және павлодарлық Ольга Сафронова жарыс жолына шықты. Бірінші орынды Бахрейн спортшылары ешкімге берген жоқ. Олар Азия ойындарының рекордын жаңартты (42.73 сек.). Күміс медаль Қытайдың (42.84) еншісінде. Қазақстан құрамасы да осы маусымдағы үздік нәтижелерін тіркеп (43.82), мәреге үшінші болып жетті.
Еске салайық, Индонезия астанасы Джакарта қаласында өтіп жатқан XVIII Азия ойындарында жерлесіміз Ольга Сафронова бұған дейін жекелей сында 100 метрге жүгіруден алтыншы, 200 метрге жүгіруден бесінші орынға тұрақтаған болатын. Сонымен қатар, еркін күрестен павлодарлық Саятбек Оқасов 65 келі салмақ дәрежесінде азиаданың қоласына қол жеткізді. Оған қоса, велоспортшы Кирилл Казанцев те Азия ойындарының үшінші орын иегері атанды.
Әлихан Рахметоллаұлы