Павлодарлықтар Құрбан Айт мерекесін тойлады

Қасиетті Құрбан айт мерекесінің бірінші күні орталық мәдениет және демалыс саябағында «Құрбан айт – игілік пен мейірімділік мерекесі» атты ауқымды шара өтті. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкілдігі балалар мен ересектерге арналған ойындар мен байқаулар ұйымдастырды.

Саябақ сахнасында жиналған көрермендердің қатысуымен құран жарысы, сұрақ-жауап викторинасы, балалар арасында түрлі ойындар өткізілді. Оған қоса, мерекеге орай діни өлеңдер мен әндер айтылды.

Павлодар қаласының тұрғыны Анар Қайырбекова саябаққа келіп, рухани демалып қайтқандарын айтты.

—    Құрбан айт  — тек мал сою ғана емес, — деді Анар Қайырбекова. – Бұл мұсылман үшін үлкен мереке. Бүгінгідей шараларды ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Балаларым сайыстарға қатысып, көңілдері көтеріліп қалды, өзім де ерекше демалып тұрмын. Сайыстардың бәрі осы балаларды ізгілікке тәрбиелеуге арналған. Осындай дұрыс бағытта шаралардың ұйымдастырылғаны қуантады.

Сонымен қатар, ҚМДБ облыстық филиалы мұрындық болып, қала мешіттерінің жамағатының күшімен жиналған қауымға 25 қазан палау таратылды.

Балалар мен жасөспірімдер спорттық алаңда гір көтеріп, білек күшін сынап, қазақ күресінен сайысқа түсті.

—    Күреске 2003, 2004, 2005 жылы туылған балалар қатысуда, — деді қазақ күресіне жауапты, қалалық балалар және жастар спорт орталығының бапкері  Асқар Маралбаев. – Жеңімпаздарға 10 мың теңге ақшалай сыйлық беріледі. Күресті ұйымдастырушы — Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешітінің басшылығы. Жаңбыр жауып, ауа-райы кедергі болса да, балалар еш қайтар емес, күш сынасып, көтеріңкі көңіл-күйде белсенділік танытты.

Әлихан Рахметоллаұлы