Павлодарское ауылының маңында 35 мың қарағай көшеттері отырғызылды  

Өңір бойынша экологиялық сағат шеңберінде 70 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

Болашақ орманның орнына Павлодарское ауылының аумағы кездейсоқ таңдалған жоқ. Осы жерден 5 гектар алаң бөлінді. Болашақта бұл алқап облыс орталығы мен ауыл тұрғындарын өнеркәсіптік кәсіпорындардың түтінінен қорғайтын табиғи сүзгіге айналады. 

— Ағаштарды көптеп отырғызуды күзде жүргізген дұрыс, осы кезде олар ауа райына тез бейімделеді, — дейді орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының м.а.  Қайрат Әбілбаев. — Көшеттердің арасы 0,75 метр, көшет жолақтарының аралығы 3 метр. Бұл оларды суаруға, күтіп-баптауға ыңғайлы. Көшеттер «Ертiс орманы» резерватының тәлімбағынан алынды. Келесі жылдың көктемінде біз көшеттерге инвентаризация жүргіземіз.

Экологиялық сағатқа қатысып, ағаш отырғызған  Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та орманның жағдайына алаңдайды.

— Аптасына кем дегенде бір рет осы жерден өтемін, сондықтан көшеттердің жағдайын үнемі бақылауда ұстаймын, — деді аймақ басшысы. — Ал, Павлодарское ауылының әкімі күн сайын келіп, ағаштардың жағдайын тексеріп тұруы қажет.

Еліміз бойынша 3 қазан күні басталған экологиялық сағат шеңберінде  Павлодар облысы мектептерінің аумағында 12 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды. Республикалық акцияның қатысушылары барлығы 75 мыңға жуық көшет отырғызды.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы