ПЕДАГОГТАР ЕКПЕ САЛДЫРУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап қазақстандықтарға екпе салына бастады. Ал, наурыз айынан еліміздегі педагогтарға екпе салдыру науқаны басталған болатын.
Қазіргі таңда, облыстық білім басқармасы Байзақ аудандық білім бөлімінің бізге берген мәліметіне сәйкес, өз еркімен өтініш білдірген 170 білім беру саласының қызметкері ерікті түрде екпе салдырған. Оның ішінде, балабақша тәрбиешілері, бастауыш сыныпқа сабақ беретін педагогтар, мектеп ұстаздары, білім бөлімінің қызметкерлері бар. Бүгінгі күні екпе салдырған педагогтардың денсаулығы қалыпты.
– Біз, аудан орталығындағы Сарыкемер мектеп-гимназиясынан 5 мұғалім ерікті түрде барып, «Спутник V» вакцинасының 1 компонентін салғыздық. Онда алдымен өз еркімен вакцина алуға жазбаша келісім беріп, сауалнама толтырдық. Сосын арнайы екпе үшін дайындалған бөлмеге барып денсаулығымызды тексерді. Сондай-ақ, дене қызуымыз бен қан қысымын өлшеді. Кінәрат болмаған соң бірінші дозаны қабылдадық. Екпені қабылдап болғаннан кейін 30 минут дәрігердің бақылауында болдық. Одан кейін де күнделікті мектеп медбикесінің бақылауындамыз, — дейді бізге берген сұхбатында мектеп-гимназияның әлеуметтік педагогы Гулвира Тынышбаева.
— Ел аумағында бүгінде Президент тапсырмасымен вирустың жаппай таралуын болдырмау үшін халықты вакцинациялау жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Алайда, қоғамның толық оқшаулануға мүмкіншілігі жоқ, тіпті, көптеген адамдар қарапайым санитарлық талаптарды сақтамай отыр. Сол себепті, қазіргі жағдайда, вакцинация салғызу дұрыс қабылданған шешім деп есептеймін. Әрқайсымыз өз денсаулығымызға өзіміз жауаптымыз. Сондықтан, мен де еріктілер қатарынан табылып, екпе салдырдым. Әріптесім айтып өткендей, дәрігерлер тарапынан барлық жағдайлар қаралған. Екпе салдырып болған соң, дәрігерлердің бақылауында жарты сағаттай отырдық. Сол кезде бізге екпенің үш күн ішінде кері әсері болатыны туралы түсіндіріліп, өзімізді жайсыз сезінген жағдайда дәрігер шақыртуға кеңес берілді. Екпе алу арқылы сіз өзіңіз ауырмау есебінен жұқпалы аурулардың таралуын болдырмайсыз және өз отбасыңыз бен қоғам мүшелерін, яғни, балаларды, иммундық жүйесі әлсіреген жандар мен қарт адамдарды қорғайсыз, — дейді мектеп-гимназия директорының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұралы Абдурасулов.
Вакцинаның міндеті, ағзаға енгізілген вакцинаның әсерінен ағзаның иммундық жүйесі вирустың немесе бактерияны танып, соған қарсы белгілі антигендердің бөлінуі. Кейін сол вирустар ағзаға енген кезде бөлінген антигендер вирусты жою арқылы аурудың алдын алады. Халықтың арасында вакцинацияланған адамдар саны көп болған жағдайда, тіпті, денсаулығына байланысты екпе алмағандар да ұжымдық иммунитеттің қорғауында болады. Ал, бұл өз кезегінде инфекцияның одан әрі таралуына жол бермейді.
Айта кетейік, вакциналау екі кезең бойынша өтеді. Яғни, алғашқы компонентін алған адамға 21 күннен кейін екінші дозасы салынады. Осы күнге дейін екпе алушылардың арасында өзін жайсыз сезініп, арыз-шағымын білдіргендер тіркелмеген.