Педагогтерді аттестаттау жаңа ережеге сәйкес жүргізіледі
БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы кезекті баспасөз мәжілісінде педагогтарды аттестаттаудағы жаңа өзгерістер таныстырылды.
Қазіргі таңдағы педагогтарды аттестаттау мәселелері туралы БҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Луара Батырғалиева баяндады. Оның айтуынша, биыл мамыр айында ҚР Білім және ғылым министрінің «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерді және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» 2016 жылғы 27 қаңтардағы бұйрығының жаңартылған нұсқасы жарық көрген.
– Нормативтік-құқықтық актіде «мемлекеттік көрсетілетін қызмет», «мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты» деген ұғымдар енгізіліп, педагогтарды аттестаттаудан өткізу рәсімі мемлекеттік көрсетілетін қызметке теңестірілді. Жаңартылған ережеге сәйкес педагогтерді аттестаттау: ұлттық біліктілік тестілеу мен біліктілік санатын беру не растау, білім беру ұйымдары басшысының орынбасарлары үшін: біліктілік бағалау мен қызметтің қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтау, білім беру ұйымдарының басшылары үшін: ұлттық біліктілік тестілеу, біліктілікті бағалау мен қызметтің қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтау рәсімдерінен құрылады. Ұлттық біліктілік тестілеу педагогтер үшін бір рет – тегін, қайта бір рет және сынақ ретінде педагогтің қалауы бойынша – күнтізбелік жыл ішінде ақылы, білім беру ұйымдарының басшылары үшін – тиісті күнтізбелік жылдың бір айлық есептік көрсеткіші мөлшерінде ақылы өтеді, – деді Луара Қайрекенқызы.
Бұдан әрі ұлттық біліктілік тестілеу тест тапсырмаларына тоқталған департамент өкілі бастауыш білім беру педагогтері тестілеуді қазақ немесе орыс тілі, әдеби оқу, математика пәндері бойынша тапсыратынын айтты. Ұлттық тестілеу аяқталғаннан кейін педагогтар оның нәтижесімен танысып, негіздемелермен келіспеген жағдайда республикалық апелляциялық комиссияға ақпараттық коммуникациялық технологиялар арқылы апелляция жолдайды. Апелляция тест тапсырмаларының мазмұны бойынша: дұрыс жауаптың жоқтығын негіздей отырып келіспеген, дұрыс жауап жоқ болғанда, барлық ұсынылған жауаптардың ішінен бір дұрыс жауапты таңдау арқылы тест тапсырмаларында біреуден артық дұрыс жауап бар болғанда, дұрыс құрастырылмаған тест тапсырмасы; техникалық себептер бойынша тест тапсырмаларында фрагмент немесе мәтін болмаған жағдайларда қаралады екен. Тестілеудің теріс нәтижесін көрсеткен аттестатталушылар аттестаттаудың екінші кезеңіне жіберілмейді. Ал ұлттық біліктілік тестілеудің нәтижесі оң болған жағдайда педагогтің өтініші негізінде «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының 14-бабына сәйкес одан әрі аттестаттау рәсімі жалғасады. Білім беру ұйымдары басшыларының орынбасарларын аттестаттау портфолио негізінде біліктілік бағалауды және қызмет қорытындыларын кешенді талдамалық жалпылауды ғана қамтиды. «Білім беру ұйымы басшысының орынбасары», «Білім беру ұйымының басшысы» біліктілік санаттары лауазымға тағайындалған кезде автоматты түрде беріледі. Луара Қайрекенқызы қайта аттестаттау жағдайлары, қабылданатын шешімдер туралы түсіндіріп өтті.
– Комиссияның шешімі жыл сайын 15 шілдеден немесе 25 желтоқсаннан кешіктірілмей аттестаттаушы органның бұйрығымен ресімделеді. Тиісті бұйрық негізінде біліктілікті берген не растаған туралы аттестаттау куәлігі беріледі, – деді департамент басшысының орынбасары Л.Батырғалиева.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы