Періштелер тамсанатын жұлдыздар

Әлемдегі барлық нәрсе өзгеріске ұшырайды. Қатты тау-тасы мүжіледі, теңіз тартылады, ағаш қурайды, білім жаңаланады, жүйе қайта құрылады. Жер бетінде өзгеріске ұшырамайтын бір ғана нәрсе бар. Ол — қасиетті Құран Кәрім. Он төрт ғасырдан бері бірде-бір әрпі өзгермеген бұл құдайы кітап тағы он төрт ғасыр өтсе де түпнұсқалық қалпын сақтайды. Тіпті біреу өзгертем десе де, отқа өртеп, суға ағызып, желге ұшырамын десе де, оның айтқаны орындалмайды. Бұл — ақиқатты ғана көрсетіп, соған қарай бағыттайтын кітап, оны Жаратушының өзі сақтайды. Ғажап емес пе!

«Оқы!» деп Раббымыздан алғашқы бұйрық түскен үмбет бола тұра, Құраннан алыстап кеткен, оны оқуды тастап қойған, нұсқауы бойынша жүре алмаған үмбет болдық. Өкінішті! Мүмкін оның қадір-қасиетін білмегендіктен шығар.

Атағы бүгінге дейін жеткен ғалымдар, тұлғалардың танымалдық құпиясы — олар Құранмен ажырамас дос болған. Сахабалар, басшылар, ілім иелері Құранды жата-жастанып оқыпты. Құранды көп оқығаны сонша, Хазрет Османның екі Құран кітабы үлбіреп жыртылып қалған. Имам Шафиғи әдетте Құранды құптан намазынан кейін ашып, таң намазының алдында жауып, бір-ақ тұрады екен.

Құран — Алла Тағаланың сөзі. Сондықтан кім бұл сөзді көкірегіне сақтап, соған сай амал етсе, оның қадірі күллі ғаламда артық тұрады. Періштелер оның Құран оқығанын тыңдау үшін сонау жеті қат көктен арнайы түседі. Үдей соққан жел тына қалады, тау мүлгиді. Қара жер төсінде сондай адамның жүргенін мақтан тұтады. Жүрегінде Құран сақталған адамды қабір де қыспайды, қалай қыссын, керісінше бау-бақшаға айналады. Мұндай адамды тозақтың оты да шарпи алмайды, қалай шарпысын, көкірегінде сайрап Раббымыздың сөзі тұрса!

Одан бөлек Құранда көптеген пайдалар бар. Мәселен, Құранды кітаптан оқу көру қабілетін жақсартады. Ал Хазрет Әли үш нәрсенің есте сақтау қабілетін арттыратынын айтқан. Соның бірі — Құран (қалған екеуі: мисуак пен ораза). «Кім Құран оқыса, қартайғанда ақылынан алжаспайды» деген Ибн Аббас жеткізген сөз де бар.

Құранда 320000-нан астам әріп бар екен. Әр әріпке бір сауап және ол 10-ға еселенетінін ескерсек, әрбіріміздің сауап қоржынымыз 3 млн. 200 мың жақсылыққа толықты деген үміт бар. Ал қиналып оқығандығымыз соның екі есесіне, яғни 6 млн. 400 мың хасанатқа қол жеткізген шығар. Не деген нығмет десеңізші!

Аспандағы жұлдыздар бізге қалай жарқырап көрінсе, Жер бетіндегі Құран оқылған үйлер Көктегі періштелерге дәл солай жарқырап көрінеді екен. Құран оқыған сайын қандай тас жүрек болса да жібиді. Тат басқан жүректерді бірі үндемейтін, бірі сөйлейтін екі «уағызшы» тазартады екен: алғашқысы — өлімді еске алу, соңғысы — Құран оқу. Оқыған сайын жалықтырмайтын, тереңіне бойлататын, айналаға Құран көзімен қаратқызатын, жиі шүкір еткізетін, ежелгі халықтардың оқиғасынан тәмсіл беретін жалғыз кітап осы. Хазрет Осман: «Жүректерің таза болғанда, Алланың Сөзіне (Құранға) тоймайтын едіңдер», — деген екен. Ендеше, төрде ілулі тұрғанына, сөреде жатқанына біраз болған қасиетті кітапты қолымызға алып, шаңын сүртіп, хош иіс сеуіп, Ұлық Құдіреттің алдында бас ие отырып, парақтап, аяттарға көз жүгіртейік. Оянайық…

Мирас Кесебаев