ПІЛ ОҚИҒАСЫ (аңыз, хикаят)
Әбдімүтәліптің кезінде Қабаштың Абраха атты патшасы Иеменді басып алып, Меккеге әскер төгеді. Олар Меккені қоршап алып, далада жайылып жүрген түйелерді айдап әкетеді. Малынан айрылған құрайыштар абдырып қатты сасады. Соғысуға күш жоқ. Сол кезде Әбдімүтәліп елшілікке келіп Абрахадан түйелерін қайтарып беруді сұрайды.
Абраха:
–Не тілекпен келдің? Бұйымтайыңды айт, – дейді.
Ол:
–Түйелерімді қайтарып берсең жетіп жатыр,-дейді.
Абраха:
–Бары сол ма? Малдан басқа ештеңе керек емес пе? Сендер Құдайдың үйіне иелік етуші едіңдер ғой. Енді бастарыңа күн туғанда Құдайдың үйін тастап қашқандарың қалай? Қағбаның амандығын тілеудің орнына сырты түкті, іші боқты түйе үшін бас тігіп келіп тұрсың,-деп мазақтады.
–Мен тек түйенің иесімін. Қағбаның иесі Тәңірім. Ұлық Алла өзінің үйін өзі қорғайды. Ода менің ісім жоқ,-дейді.
–Жарайды, малыңды алсаң ал. Бірақ айтпады деме. Қазір Қағбаны қиратам. Іргетасына дейін тегістеймін. Оның орнына егін егем. Көрейік сосын Алла деген құдайыңның әуселесін. Осылай жасамасам Абраха атым өшсін,-деп ант су ішті.
Әбдімүтәліп малдарын айдап, тауға қарай шығып кетті. Құрайыштар таудың төбесінен оқиғаның немен бітерін бақылап тұрды. Абраханың соғысқа салатын арнайы жойқын пілдері бар еді. Соғысты солар бастады. Осы кезде бір періште келді де пілдердің құлағына:
— Сендер Алланың үйін бұзуға бара жатсыңдар. Райларыңнан қайтыңдар,-деп сыбырлады.
Пілдер Қағбаның тура алдына жеткенде жаппай тізе бүгіп, сәждеге бас қойды. Сарбаздар қанша сабаса да олар жатқан жерінен қозғалмады. Кенет алып пілдер атып тұрды да өкіре шыңғырып, кейін қарай қаша жөнелді. Артта тұрған қалың әскерді ауыр пілдер таптап өтіп, бет-бетімен бытырап кетті.
Осы кезде көкжиектен қара бұлттай қаптаған құстар легі көрінді. Олар көктің жүзін лезде жауып кетті. Тұмсықтарымен тістеген тасты аспаннан ата бастады. Тастың тиген жері денені күйдіріп тіліп өтетін. Қару асынған қалың қол көзді ашып-жұмғанша қырылып қалды. Адамның қаны өзен болып ақты. Өліктер тау-тау боп үйілді. Артынша нөсер жаңбыр жауып, арқыраған сел ақты. Жойқын сел мәйіттерді ағызып, қанның ізін шайып кетті.
Көп ұзамай Қағбаның айналасы түк болмағандай жайнап шыға келді. Ал, Абраха еліне қарай тырқырай қашты. Зәулім сарайына жете бергенде тас төбесінен бір құс төне берді. Оның тұмсығындағы таста Абраханың есімі жазылып тұр екен. Сол таспен атқан кезде отты тас көк желкеден тесіп өтті. Абраха «апа» деп айғайлауға шамасы келмей өкіріп барып құлады. Залым патшаға табалдырығына жете бергенде топырақ қауып, о дүниеге аттанды.
Осылайша бұл оқиға елдің есінде «Піл оқиғасы» деген атпен қалды. Құранда осыған орай «Піл» сүресі түскен.
«Отбасы хрестоматиясы»