ПИЛОТТЫҚ ЖОБА САРЫСУ АУДАНЫНДА ҚАРҚЫН АЛУДА

Ауыл тұрғындарының тұрмысын арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Ал, оның бірден бір жолы, қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсетіп, дамыту.

Қосалқы шаруашылықтар ерінбей еңбек еткен ауылдағы ағайын үшін өндіріс пен табыс көзі.

Тәжірибе көрсеткендей, біраздан бері қолға алынып келе жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы осының дәлелі.

Жобаның мақсаты ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру, ауыл сыртындағы жерлерді ұтымды пайдалану, сол арқылы жем-шөп және жайылым мәселесін, кооперативтер құру арқылы қосалқы шаруашылықтардың дамытуға бағытталған өзге де мәселелерді шешу және ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру. Негізінен, жоба аясында жергілікті халыққа 2,5 пайызбен несие беріледі.

Сондай-ақ, сапалы тұқым, көшет, тыңайтқыштар алу, жаңа техникалармен қамту мәселесі де жобада қарастырылмақ.

Үй іргесіндегі жеке қосалқы шаруашылық жерлерін ұтымды пайдаланып, оны табыс көзіне айналдыру тұрғындардың тікелей өзіне байланысты болып отыр.

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы бойынша биылғы жылы Сарысу ауданында Жайылма ауылдық округі таңдалды. Ауылдық округте барлығы 573 аула бар. Жалпы халық саны 3814 адам.

Қазіргі таңда жоба ауылда нақты қолға алына бастады. Бүгінге несие алуға өтініш бергендердің қатары көбейген. Жоба аясында округте жалпы сомасы 906 млн. теңге несиемен 514 аула қамтылады.

Пилоттық жоба 5 бағыт бойынша іске асырылады.

І бағыт. Үй іргесінде егістік жерлерді игеру

ІІ бағыт. Ауладағы мал шаруашылығын дамыту

ІІІ бағыт. Ауыл сыртындағы егістік жерлерді игеру.

ІV бағыт. Құрылған кооперативті жабдықтау

V бағыт. Шағын кәсіпкерлікті дамыту.

Жобаның бірінші бағыты бойынша 514 аула егістік жерді игеретін болады. Егістік алқаптың көлемі 20,2 гектардан 24 гектарға ұлғаяды. 2 азаматтан отбасылық жылыжай салуға да өтініш түскен.

Жобаға дейін 492 аула мал шаруашылығымен айналысса, екінші бағыт бойынша ауладағы мал шаруашылығын дамытумен 514 аула айналысатын болады. Бұл бағытқа 600 млн. тенге қарастырылған.

Жобаның үшінші және төртінші бағыты бойынша да қызу жұмыстар жүргізілуде. Пилоттық жоба бойынша құрылған кооперативке 6 азамат мүше болып тіркелген. Кооперативтің 248,3 гектар егістік, 18,9 гектар жайылым жері бар. Алдағы уақытта егістік жер 558 гектарға жеткізілетін болады деп күтілуде.

Қазіргі таңда кооперативке 18,8 млн. теңге несие беріліп, 45 тонна тұқым, 35 тонна жанар-жағар май алынып отыр.

Ауылдағы 12 ұсақ шаруа қожалықтары кооперативпен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Нәтижесінде, қосымша 300 гектар егістік, 464 гектар шабындық, 10 468 гектар жайылымдық жерлер кооператив құрамына біріктірілетін болады.

Сонымен қатар, 2 азамат ауыл сыртындағы жерге 2 алма бақ өсіруді қолға алмақшы.

Кооперативті жабдықтауға 25 дана ауыл шаруашылығы техникасын, яғни 4 трактор, 2 прицепті комбайн және 21 қосалқы құрылғыларымен алу жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы саласынан басқа, пилоттық округте бесінші бағыт бойынша, яғни тұрғындардың өз кәсібін ашуға 145,5 млн. теңгенің 21 жобасы ұсынылып отыр. Оның ішінде: 1 наубайхана, 2 алма бақ, 3 құс фермасы, 3 бал арасы және 12 басқа да жобалар бар.

Ауылдық округтегі жеке кәсіпкерлер саны 63-тен 266-ға ұлғайса, жұмыссыз болып тіркелген 31 азаматтың 18-і жұмыспен қамтылып, ал, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 10 отбасыдан 4 отбасыға(2,5 есе) азайып, қосымша өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны артпақ.

«Кәсіп түбі — нәсіп» деген. Осылайша, мемлекеттік қолдауды және жобаның жақсылығын сезініп, кәсібінен нәсібін іздеген ауыл тұрғындары белсенді кәсіпкерлерге айналмақ.

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі