Пітір садақаны Smart Astana қосымшасымен онлайн төлеуге болады

Бұл қызметті ҚМДБ, Дін істері басқармасы және Астана Innovations бірлесіп жүзеге асырады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Елорда мұсылмандары карантинге байланысты оқшаулану уақытында пітір садақаны онлайн режимде төлей алады. «Бұдан былай сіз Smart Astana мобильді қосымшасы арқылы үйден шықпай-ақ пітір садақа мен зекет бере аласыз. Ол үшін мына алгоритмді қолдану керек: «Менің төлемдерім» – «Қайырымдылық» – «Садақаны төлеу». Сонымен қатар, діндар кісілерге ыңғайлы болу үшін қосымшада астаналықтарға арналған Ораза кестесі бар», – деп хабарлайды қалалық дін істері басқармасы. Бұл қызметті Мұсылмандар діни басқармасы (ҚМДБ), қалалық дін істері басқармасы және Астана Innovations бірлесіп жүзеге асырады. Төтенше жағдай және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған карантин режиміне байланысты қасиетті Рамазан айында мешіттерде дәстүрлі кешкі тарауық намаздары мен ауызашар өткізу тоқтатылды. 2020 жылы Рамазан айы 24 сәуірден 23 мамырға дейін жалғасады. ҚМДБ-ның 2020 жылға белгілеген пітір садақасының мөлшері 370 теңгені құрайды.