Қазақстан Жазушылар одағының YІ пленумнан кейінгі туған ойлар
Қазақстан Жазушылар одағы үйіндегі YІ пленумда түрлі-түрлі ойлар айтылды. Жарыссөзге шығушылар арасында жазушыларға Одақтың қажеті жоқ, таратып жіберу керек дегендер де, қарсы пікір білдірушілер де бой көрсетті. Қаламгерлердің бірі естелікке бой ұрып, Шығармашылық үйінде алаңсыз шығармашылықпен айналысқан шағын айтты, енді бірі Жазушылар одағы үйі әдеби ортаның ұйытқысы болғанын есіне түсірді, бірі мемлекеттік баспа өзінің кітаптарын шығарып, қыруар қаламақы төлегені жөнінде ауыз толтыра сөйледі. Мінберге шығуға ниет білдірген мүйізі қарағайдай жазушылардың қатары сиреген шақта аймақтағы қаламгерлердің арасынан маған кезек тиді-ау ақыры. Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының жай-күйі жөнінде тәтпіштеп баяндап, одақ жөнінде еркін көсілуге уақыт тапшы, апыл-ғұпыл сөз саптауға ғана мұршам жетті. Енді сол пленумда айтқан және айта алмаған ойларымды жүйелеп, жұртшылықтың назарына ұсынуды жөн көрдім. 2013 жылы төрағаның бірінші орынбасары, қазақтың көрнекті ақыны Ғалым Жайлыбай Ертістің Кереку өңіріне арнайы келіп облыс әкімі Ерлан Арынның келісімімен Одақтың облыстық филиалының құрылуына мұрындық болған еді. Алматыдан шалғай аймақта жетім баланың күйін кешіп жүрген жазушылардың жағдайы содан кейін оңала бастады. Жерлес қаламгерлердің бірнешеуінің кітабы Астанадағы республика бойынша маңдайалды баспалардың бірі саналатын «Фолиантта» жарық көріп, Ұлттық кітапханада тұсаукесері өткізілді! Бірнешеуінікі жергілікті беделді баспа «ЭКО-дан» шығып, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада тұсауы кесілді. Қазіргі кезде Жазушылар одағының облыстағы мүшелерінің саны 12-ге жетті, кітаптарының таралымы елеулі, безендірілуі көркем, тек туындыларының бәрі бірдей керемет дей алмаймын… Жас ақындардың бірнеше жыр жинағы жарық көрді. Бір тобының өлеңдері танымал ақындардыкімен бірге «Жыр маржаны» атты 10 томдық қазақ поэзиясы антологиясына енді (2015 ж.). Мемлекеттік, кәсіби мерекелер мен атаулы даталарға орай жас ақындардың облыстық, аймақаралық мүшәйралары я айтыстары ұдайы ұйымдастырылады. Кітап шығару мәселесі аймағымызда қандай да бір қиындықсыз шешілетінін байқаған әдебиеттегі әуесқойлардың кейбірі тура әкімнің өзіне өтінішін айтып хат түсіруді әдетке айналдырып алған… Бір жақсысы, жуырда облыс мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының жанынан көркемдік кеңес құру жөнінде шешім қабылданды, енді жағдай реттелетін шығар. Облыс әкімдері Ерлан Арын, Қанат Бозымбаев, Болат Бақауовтың қайсысы болса да жылына бір рет филиал мүшелерін түгел жинап, салтанатты жиын үстінде әр жазушыға екі жүз мың теңге мөлшерінде грант беріп келді. Бұл дәстүр өткен жылдың соңында ғана жалғасын таппады, оның өзіндік себебі бар. Аймақ басшысының идеология саласы бойынша орынбасары былтыр маған: «Араларыңызда Кеңес үкіметі кезеңінде ғана қолына қалам ұстағандар бар, оларға не үшін грант беруіміз керек? Өнімді еңбек етіп жүрген дарынды суретшілер, әншілер, сахна шеберлері де мұндай марапатқа жыл сайын ие болған емес. Дұрысы, грантты шығармашылық адамдарының бәріне бірдей емес, лайықтыларына ғана беру жөн емес пе, төрелігін өзіңіз айтыңыз», – деген еді. «Аталы сөзге арсыз тоқтамас», айтқаны орынды, келіспеске амалым қалмады. Облыста жергілікті жазушылардың ұсынысымен, әкімдердің қолдауымен ашылған «Найзатас» әдеби көркем журналы және «Ақбет тау» әдеби танымдық журналы жүйелі шығуда. Оның үстіне облыстық «Сарыарқа самалы» газеті мен «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының «Ертіс дидары» газеті де әдеби туындыларды жариялайды. Демек, қаламгерлер мен талапкерлер жақсы шығармаларын жарыққа шығаратын мерзімді басылымдардан кенде емес.
Өңірдегі мән-маңызы елеулі әдеби-мәдени шаралардың бірде бірі жергілікті жазушыларсыз өткізілмейді. 2014 жылы Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың мәйітін іздеп Мәскеудегі Вагоньков зиратына барған керекулік делегацияның құрамында біз де болдық. Өткен жылы Мұзафар абыз өмірден озғанында оны дүниеге әкелген Маралдының бір уыс топырағын орамалға түйіп алып Кеңсайдағы қабіріне барған топтың арасында біз де жүрдік. Біздің мерейтойлық кештерімізге облыс әкімдері мен Жазушылар одағы басшылығының өкілдері де қатысты. Әрине, аймақтағы қаламгерлерге көрсетілген құрметтердің барлығы – Қазақстан Жазушылар одағына деген құрметтен туындағаны күмансыз. Ендеше, Одақты таратып, төрінде Мұхтар Әуезов тәрізді алыптарымыз отырған қазақ әдебиетінің киелі қара шаңырағынан безсек – қайда барып оңармыз?.. Рас, Одақтың қазіргі жағдайы кеңестік кезеңде компартияның сойылын соққандықтан соның жылы-жұмсағынан екі ұрты майланып, бүйірі шыққан жазушылардың көңілін көншітпейді. Солай десек те, орталық комиттеттің айтқанымен жүріп, айдағанына көнген ағаларды айыптай алмаймыз, қоғамдық жүйе сондай еді. Біздің замандастарымыздан сонау 1962 жылы студент кезінде қызыл империяның отарлау саясатына қарсы шыққаны үшін 58-баппен бас бостандығынан айрылып, Сібірдегі лагерьлердің бірінде мерзімді жазасын өтеген жалғыз жазушыны білемін: қарағандылық Кәмел Жүністегі. Сонсын осындай іс-әрекеттері үшін қудаланған студент Мұрат Әуезов және мектеп оқушысы кезінде соның ізін жалғастыруға ұмтылған өзімді айтуға тура келеді… Қалғандарының кеңестік кезеңдегі өмірбаяндары кіршіксіз таза секілді… Одақ жайындағы ойымды жалғастырайын, бұл құрылым қазіргі кезде өзге қоғамдық ұйымдар секілді мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды, нарықтық жағдайда өз күнін өзі көруге тырысып, қалт-құлт етіп тірлік кешуде. Енді оның айбарлы, мәртебелі, бай-қуатты кездерін көксеу келмеске кеткен кеңестік жүйені көксеумен бірдей. Егер ұлы жазушыларымыздың бірі ғайыптан Жазушылар одағы үйіне оралса – қазіргі жағдайын түсінуі неғайбіл шығар. Өйткені Одақ түгіл қазіргі Қазақстан – бұрынғы Қазақстан емес, басқа мемлекет, басқа қоғам, басқа ел… Бұрын компартияның идеялогиялық орталығы рөлін атқарған Жазушылар одағы біреулердің пайымдағанындай, осынау шақта билік пен «Нұр Отан» партиясының бір құрылымына айналып кеткен жоқ, егер сөйтсе, қоғамдық ұйымдар арасында жіліктің майлы басына ие болар ма еді, кім білсін… Сегіз жүз қаламгердің ішінде билікті мейлінше дәріптейтіндер де, барынша сынайтындар да бар, демократия талаптары ескерілетін қоғамда солай болуы керек. Осындай қиын-қыстау кезеңде басқарма басшылығы озық туындылары бірнеше жылдан бері еленбей жүрген 42 жазушыға бір күннің ішінде тиісті қаржы мөлшерін тауып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен марапаттау мүмкіндігіне қол жеткізді. Сол үшін төрағаны жерден алып, жерге салып сөгу дұрыс па?.. Немесе Одақтың игілігін төраға жеке басына жаратуда деген алып-қашпа сөздерге бас шұлғу орынды ма? Премьер-Министр, министрлер, әкімдер, ірі өндірістік корпорациялардың төрағалары, тіпті шығармашылық мекемелерінің басшылары да темір тордың ар жағына жіберіліп жатқан қазіргі кезеңде біздің төрағамыз қандайда бір құқықбұзушылыққа жол берсе – бірден әлгілердің жанынан шығатынын байыптай алмайтындар, әрине, бас шұлғи береді… Пленумда тәтті қиял мен ащы шындық арасында жүрген кейбір жазушының мінберде айтқан сөздері біршама сауал тудырады екен. Мыңмен жалғыз алысқан хакім Абай Жидебайда жабығып жатқанында немесе жұрттан безініп саяқ ғұмыр кешкен Шәкәрім қажы Саят қорада қамығып отырғанында әдеби ортаның жоқтығы үшін күйінді ме?.. Шіркеудің кәріне ұшыраған Лев Толстой Ясная Полянаға барып жазу үстелі алдындағы орындыққа жайғасқанында орыстың зиялы қауымы өкілдерінің өзінің маңында жүрмегені үшін назаланды ма?.. Мообит түрмесінде ақтық күндерін санап отырған Мұса Жәлел Шығармашылық үйі, баспахана, қаламақы туралы ойланды ма екен?.. Әйтеуір, елдің шетінде, желдің өтінде жүрген керекулік қаламгерлер мұндай ойлардан ада, иншалла, барды қанағат қылып жүріп жатырмыз.
Наурыздың 12-сінде – сьезд. Сол күн жағымды жаңалықтарға толы болғай.
Арман ҚАНИ, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры.