ПОЧТА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін аудандық мәслихат төрағасы Мұхтар Шайдаев пен аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова «Казпочта» акционерлік қоғамы Жамбыл аудандық байланыс торабы қызметкерлерін қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Бүгінде ауданда 70-ке жуық сала мамандары еңбек етеді.
Қабылдауда сөз алған Махпал Сатыбалдықызы халыққа аса қажетті жұмысты қалтқысыз атқарып келе жатқан сала мамандарының еңбегі үлкен екенін айтып, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының құттықтауын жеткізді.
– Әрбір хат-хабардың, газет-журналдың, сәлемдеменің уақытында әрі қауіпсіз жеткізілуіне, есеп-қисаптың дұрыс қадағаланып, халық өтінішінің орындалуына, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына тер төгіп жүрген байланыс торабы қызметкерлері құрметке лайық. Уақытпен санаспайтын, ауа райының қолайсыздығына қарамастан еңбек етіп жүрген жандардың ауданымызда да бар екенін мақтан етіп айтамыз, – деді өз сөзінде.
Құттықтаулар легін жалғаған Мұхта Бегзатұлы ақжарма тілегін білдірді.
Қабылдауда аудан әкімінің Құрмет грамотасымен Тұрсынай Ботақараева, Алғыс хатымен Маркен Тауасарова, Дана Орынбаева, аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен Бахтияр Асанбекұлы, Фарида Абуева, Камшат Арызбаева марапатталды.
Өз кезегінде сала ардагерлері сөз алып, елеп-ескерген басшыларға алғыстарын білдірді.