Полиция қырағылығы маңызды
Бүгінгі таңда жол-көлік оқиғалары жиілеп, оның соңы адам өліміне апаратын сәттер де азаймай отырғаны жасырын емес. Оған бір жағы жүргізушілердің ереже сақтамауы мен жолда жүру мәдениетінің төмендігі себеп болуда. Қала берді, ішімдік ішіп, көлік рөліне отыратын жүргізушілердің де қатары көбейген сыңайлы. Осыған қарап біздегі тәртіп босаңсып кеткен жоқ па деген ойға қаласың.
Жасыратыны жоқ, көбінесе автомобиль жолдарындағы жол-көлік апатының орын алуына жүргізушілердің де қателіктері себеп болып жатады. Бұдан кейін оған көліктердегі түрлі техникалық ақаулар, жолдың нашарлығы, ауа райының қолайсыздығы және тағы басқа жанама факторлардың да әсер ететіні белгілі.
Көп адам жол ережесінен бөлек, жүргізуші мәдениетінің де бар екенін ұмытпауы керек. Яғни, ол жол ережесін қатаң сақтау арқылы да өзге көлік иелеріне құрмет көрсеткен болады. Көлік жүргізу мәдениетін таныту арқылы да талай апаттың алдын алуға болады.
Полиция қызметкерлері жол бойында көп рейд жүргізіп, көлік қозғалысын өз бақылауларына алса артық болмас еді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабына сай, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлікті басқаруды осындай адамға берген тұлғаға бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не болмаса 1200 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Болмаса бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеліп, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылады. Жол ережесін бұзатындар осыны естен шығармаса екен.
Әшен ҚЫРҒАБАҚОВ,
ардагер.
Меркі ауданы