Полимер құбырлары өндірісінің болашағы зор

Қазақстанда соңғы жылдары полимер бұйымдары индустриясында өсу динамикасы байқалып отыр. Себебі полимер материалдарының бірегей қасиеттері мен құнының төмендігі, бағасының қолжетімділігі оларды кеңінен қолдануға негіз болып отыр. Олар бүгінде экономиканың түрлі саласында, күнделікті өмірде, медицинада, құрылыста және т.б. бағыттарда кәдеге жарап келеді.

Елімізде бастапқы полимерлерді Павлодардағы «Нефтехим LTD» және Атырау қаласындағы «KPI» компаниялары өндіреді. Мұнда полиэтилен шығаратын зауыт салу да жоспарланған.

Айталық, «Нефтехим LTD Компаниясы» ЖШС түйіршіктелген полипропиленнің алты маркасын шығарады. Жобалық қуаттылығы жылына 48 мың тонна құрайды.

«Kazakhstan Petrochemical Industries» серіктестігінің кәсіпорны 2022 жылдың қарашасында іске қосылған. Оның жылдық қуаты – 500 мың тонна. Аталған компания шикізатты Теңіз кенішінен алып, өңдеп, полипропилен маркаларының ең танымал 4 түрін шығарады. Осы жоба аясында өнім желісін 65 маркаға дейін біртіндеп кеңейту қарастырылған.

Полимерлерден жасалатын негізгі дайын өнімдердің бірі – құбырлар. Бүгінгі таңда полимерлі құбырлар әлемдік нарықта деген сұраныс өте жоғары. Әрі өзінің тиімділігі де дәлелденген. Әсіресе қалалық инфрақұрылымды, оның ішінде кәріз және су құбыры желілерін жаңғырту бағытында сапалы құбырларға деген қажеттілік артып келеді.

Біздің елде полимер құбырларын қазіргі таңда «Индустриальный Синдикат» ЖШС, «Южно-Казахстанский Завод Полиэтиленовых Труб» ЖШС, «КазТермоПласт» ЖШС, «Alash AgroPlast» ЖШС, «KazTrubIndustries» ЖШС, «Уральская торгово-промышленная компания» ЖШС, «СТЗ Арыстан» ЖШС және т.б. компаниялар өндіріп отыр.

Солардың ішіндегі «Уральская торгово-промышленная компания» ЖШС еліміздегі полимер құбырларын шығаратын негізгі кәсіпорындардың бірі саналады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 50 мың тонна полиэтиленді өңдеу.

Зауыт жергілікті және шетелдік тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін бар қорын кеңейтіп, сынақ зертханасымен жабдықталғанын айта да кету керек.

Жасұлан Бақытбек