ПРЕМЬЕР — МИНИСТР ЕЛЖАН БІРТАНОВТЫ СЫНҒА АЛДЫ
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан өңірлерге дәрі-дәрмек жеткізудің кешеуілдеу себебін түсіндіріп беруін сұрады: — Жыл басынан мониторинг жүргізіп, белгілі бір мерзімде қай өңірде жетіспеушілік болуы мүмкіндігін алдын ала білу керек еді. Елжан Амантайұлы, бұл тұрғыда жұмыстарды күшейту қажет. Жыл сайын желтоқсанда дәрі-дәрмек жеткізілетінін білеміз. Ағымдағы жылы кешігіп жатырмыз. Себебі не?
Бұл сұраққа Біртанов мырза, заңнамалық тұрғыда орталықтандырудың жаңа моделі бекітіліп, бірқатар нормативтік құжаттар кеш қабылданғанын айтып ақталды. «Сол себепті осындай жағдай орын алып отыр», — деді министр.
— Енді не болмақ? Жылдың басында өңірлерде дәрі-дәрмек бола ма?», — деп нақтылап сұрады Премьер-Министр.
Бұған Министрдің жауабы дайын болып шықты. Оның сөзінше қалдық дәрі-дәрмектерге сараптама жасалған. Көптеген дәрілердің жеткілікті қоры бар көрінеді. «Отандық өндірушілер шығаратын дәрілер тікелей келісімшарт бойынша жеткізіледі. Конкурс арқылы сатып алатын дәрі-дәрмек қана қалып отыр. Осыған байланысты сатып алулар ережесіне өзгерістер енгізуді сұраймыз. Сол кезде қаңтардың басында барлық дәрі-дәрмектер жеткізілетін болады», — деді Біртанов.
Бұған қанағаттанбаған Премьер-министр еліміздегі дәрі-дәрмек бағасының әртүрлі екенін айта келе, бұл мәселенің әлі күнге дейін шешілмей отырғанын сынға алды. «Түркияның Ыстанбұлы немесе Анкара қалаларында немесе шалғай аумақтағы елді-мекендерде баға бір. Ал бізде бір қаладағы әртүрлі дәріханаларда бір дәрі түрлі бағамен салытып жатыр. Үкіметтік емес ұйымдар есебінен тиісті түзетулер жүргізу қажет» деді Үкімет басшысы.
Нағашыбай Қабылбек