Премьердің пәрмені Кенесарының бас сүйегін келтіре ме?
Билік басында жүрген азаматтардың елдің жоғын түгендеп, ұлттың рухын көтеруге күш салуы — құптарлық нәрсе. Өйткені, қарапайым жұртқа қарағанда, олардың сөзі өтімді, салмақтары басым келеді емес пе? Сондай-ақ, ұлттық мүддеге қатысты дүниелер үкіметтік деңгейде қолға алынып жатса, «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілері» анық.
Күні кеше Қазақия Үкіметінің Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің Мәскеуге барып, Ресей Үкіметі төрағасы Д.Медведевпен кездесуі елді елең еткізді. Жаңалыққа құлағы түрік жүретін ағайын бөріктерін аспанға атып қуанып жатыр. Себебі Үкіметті басқарғалы сынға жиі ұшырап, «ұлттық мүддені ескермейді, қанына тартып қызынбайды» дейтін бас уәзір соңғы кездері жаңа қырынан көрінуде. Мәскеу төріндегі келелі кеңесте қазақтың соңғы ханы Кенесары мен ұлт-азаттық көтерілісі көсемдерінің бірі Кейкінің бас сүйегін елге қайтару мәселесін қозғаyы — ерлікке пара-пар әрекет. Бұл нағыз азат елдің талап-тілегі десе де болғандай.
Көтеріп отырған мәселесі қазақтар үшін өте маңызды екенін жеткізген Қазақстан Премьеріне ресейлік әріптесі жылы шырай танытып: «Күмәнданбаңыз, мен ауызша, керек болса, хат жүзінде бұл мәселе туралы тапсырма беремін, сосын сізбен телефон арқылы хабарласып, ортақ шешім қабылдаймыз», — деп уәде беруі көптен бері өше бастаған үміт отын қайта маздатқандай күйге бөледі.
Обалы нешік, тәуелсіздік ала сала ұлттық рухы оянған азаматтар хан Кененің Эрмитажда делінген бас сүйегі мен қырғыз даласында қалған сүйегін іздестіруді қолға алды. Алдымен 1994 жылы сол кездегі «Атамұра» корпорациясының президенті Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мұрындық болуымен марқұм тарихшы, академик Манаш Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция қырғыз жеріне аттанып, хан сүйегін таппай, бос қайтқаны есімізде. Кейін Иманғали Тасмағамбетов Премьер-министр болып тұрғанда Ресей өкіметіне бас сүйекті қайтарып алу жөнінде өтініш хат та жазды. Ол да жауапсыз қалды. Содан кейін бас көтерген азамат Қайрат Сатыбалды ғалымдар мен журналистерден экспедиция жасақтап, Санкт-Петербор, Мәскеу қалаларынан бас сүйекті іздестірді. Одан да шыққан нәтиже шамалы. Бірақ бәрінің де ниеттері түзу еді.
Екі мемлекеттің үкімет басшыларының кездесуінен кейін іле-шала Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейі директорының орынбасары Ефим Резван Кунсткамерадағы Кейкінің басын Қазақстанға беруге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл мәселе Ресей президентінің жарлығымен немесе музейдің федералдық заңына сәйкес шешімін табуы мүмкін. «Кейкі батырдың басының бары рас. Біз мұны жасырған емеспіз, оны бәрі жақсы біледі. Жарлық шықса, біз беруге дайынбыз», — деді Резван. Сондай-ақ, ол Кунсткамерада қазақтың ұлттық батыры әрі соңғы ханы Кенесарының басы сақталмағанын әрі оның қайда екені әлі күнге белгісіз екенін ашып айтты. «Бұдан бұрын Қазақстанның Мәдениет министрінің орынбасарына барлық қорды көрсеткенбіз. Қазақстаннан басқа да әріптестеріміз келіп, барлық құжаттарды тексере келе, бізде Кенесары ханның бас сүйегі ешқашан тіркелмегеніне көздерін жеткізген», — дейді музей директорының орынбасары. Демек, ханның басы жоғалған немесе қитұрқы саясаттың құрбаны болғалы тұр. Бәлкім, ұлы хандарын қайтарсақ, қазақтың өршіл рухын оятып аламыз деген қорқыныш бар ма екен?.. Соңғы ханның қырғыз даласынан көріпкел арқылы табылып, жерленген сүйегінің өзі күмәнді…
Ал Кейкі батырды 1923 жылы қызыл әскерлер айуандықпен өлтіріп, екі қолы мен басын кесіп алған. Бастан айырылған денесін бір жыраға тастай салған көрінеді. Кейіннен жаманат хабарды естіген ағайындары қарға-құзғын үймелеп жатқан жерден батырдың сүйегін түн жамылып алып шығып, ауыл іргесіне жасырын көмген.
Кейкі батыр Көкембайұлының ұрпақтары Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 жылы Кейкі батырдың туғанына 125 жыл толуы құрметіне ас беріліп, ескерткіш орнатылды. Алып ескерткіш Арқалық — Торғай тас жолының бойында қасқиып тұр.
Мақаланың басында айтқанымыздай, тәуелсіздіктен кейін Кейкі батырдың басының Кунсткамерада сақтаулы екенін ҚР Сыртқы істер министрлігінің сұрауына орай, 1995 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігі жауап хатында растаған. Ол құжат бар, сондықтан Кейкі батырдың басын қайтару мәселесі өз шешімін табатын секілді.
КІРІПТАР БОЛЫП ТҰРҒАН БАСТАР — ҚАЙСАРЛЫҚТЫҢ СИМВОЛЫ!
Қарап отырсақ, қитұрқы саясат өз дегенін әр уақытта жасап келіпті. «Күштінің арты диірмен тартқан» замандарда жаншылған, жеңілген елге жеңімпаз халықтардың қамшы үйіріп, қол бастайтын көсемдерін, сөз бастайтын шешендерін құртуға тырысқаны — соның басты айғағы. Ең сорақысы, денеден басты кесіп алып қорлағаны. Иілмеген басты «әспеттеп», «күтіп баптап» қана қоймай, кейбірін шарап құятын тостақан, енді бірін темекінің күлін салатын ыдыс етуге дейін баруы шектен шыққандық емей немене? Қорлаудың бұдан асқан түрі сірә да болмас. Бұл айтып отырғанымыз әфсана емес, қаны тамшылаған шындық. Кешегі патшалық Ресейдің тұсында, одан қалды кеңестік дәуірде қазақ даласының қорғаны болған қаһарман ұлдардың көрмегені жоқ. Атылды, асылды, жер аударылды. Ал қолға түспей қарсыласып, қапыда жер жастанған Кенесары хан мен Кейкі батырдың ғазиз бастары Ресейге жол тартты. Сан ғасырлық тарихы бар Санкт-Петербургтегі Эрмитаж, Кунсткамералар бертінге дейін азаттық аңсаған бастарды жинауда алдына қара салмай келді.
Осыдан 4-5 жыл бұрын газетіміздің тапсырмасымен жазушы Думан Рамазаннан Кенесары хан туралы сұхбат алғаным бар. Оның да өзіндік себебі бар. Дәл сол кезде бүгіндері елге танымал азамат Қайрат Сатыбалды ғалымдар мен журналистерден экспедиция жасақтап, Санкт-Петербор, Мәскеу қалаларынан Кенесары ханның бас сүйегін іздестіріп жатқан-ды. Сол топтың бел ортасында Думан да бар-тын. Сонда жазушы Эрмитаж бен Кунсткамерадан Кенесары ханның бас сүйегін таба алмағандарын, алайда ойда жоқта Кейкі батырдың бас сүйегін жолықтырғандарын сөз арасында айтып қалып еді. Сол жолғы сұхбаттан тағы бір есімде қалғаны оның Кунсткамерада мыңға тарта бастың тұрғанын таңданыспен жеткізгені еді. Шындап келгенде, ол бастардың бәрі де патшалық Ресей мен коммунистердің басқыншылығына қарсы күрескен ұлттардың бас көтерер ерлері еді. Бүгіндері кіріптар болып тұрған ол бастарды қайсарлықтың символы демей көр!
Кенесары хан туралы егжей-тегжейлі жазылғандық-тан, оған тоқталуды жөн көрмедім. Ал орыс патшасының ұйқысын қашырып, большевиктердің тынышын кетірген Кейкі батыр кім? Сол жайлы аз-кем тарқата кетейін. Кейкі (азан шақырып қойған есімі — Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1923) — 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Қостанай облысы, Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Жастайынан аңшылығымен, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай «Амангелді көз мерген, Кейкі қолы мерген» деген әңгіме ел аузында жүр.
Кейкі Көкембайұлы Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды. Көтерілісшілердің негізгі қарулы күші мергендер жасағын басқарған. Көтеріліс штабының ең қауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шығып тұрған. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс — Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсеткен. Кейкіні көрген, кешегі қиын кезде соңына ерген адамдар оның өлімнен қорықпайтын өжеттігін, көздегенін құр жібермейтін мергендігін жыр қылып айтады екен. 1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батыр қуғынға ұшырайды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамайды. Біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалайды. Ақыры, 1923 жылдың көктемінде арнайы тапсырмамен өзін алдап қолға түсіруге келген комиссар А.Токаревтің сөзіне сеніп, Торғайға оралған Кейкі жолда оның шын ниетін сезіп қалып, Александр Токаревті сол жерде атып тастайды. Бірақ Кейкінің ізіне түсіп, артынан алыстан аңдып еріп келе жатқан қызыл әскердің солдаттары оны сол күні түнде жатқан жерінде қоршап алып, айуандықпен өлтіреді. Олар мергеннің екі қолы мен басын кесіп алады. Халыққа үрей туғызу үшін Кейкі батырдың басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қояды. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға жөнелтеді, ал 1926 жылы республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты Санкт-Петерборға алып кеткен. Қазір Санкт-Петербордағы антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы.
Кейкі батырдың әдебиеттегі бейнесі Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасында Кете батыр болып бейнеленеді. Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында да нақты есімі айтылмайды. Кейкінің қарасөзде жасалған көркем бейнесі Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы еді. Алайда Кеңес заманында шыққандықтан, онда да бүркеншік атты иеленеді. Кейкі бейнесі өз атымен анық айтылып, қанық бояу дерегімен түгелденіп шыққан шығарма Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи дастаны (Алматы, «Білім», 2001).
Түйін: Бес уақыт намазын қаза етпеген, елінің тұтастығы мен тыныштығы жолында құрбан болған Кейкі батырдың кешкен ғұмыры ұрпаққа үлгі. Батыр жайлы айтылмаған тың дерек әлі көп. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың игі қадамы ұлт рухын оятар жақсы бастама болғалы тұр. Кейкіні өлтіріп, басын кесіп алған жауыздар «мұның таудан да, тастан да қайтпаған батырлығының құпиясын білейік» деп, жүрегін суырып алса керек-ті. Сонда жүрегіндегі түкті көріп таңдайларын қаққанын Торғай даласы әлі күнге жыр қылып толғайды. Егер батыр бабаның басы елге оралып, оны қалың жұрты арулап көміп жатса, бойдағы қалғып кеткен намыс пен ерік-жігер қайта бой көтере ме деген үлкен үмітіміз бар.
Нағашыбай Қабылбек